brightness_1
Ас ішуді Алланың атымен бастау.
Омар ибн Әбу Сәләмә : «Кішкентай кезімде Алла елшісінің қамқорлығында өскен едім. Бірде, /ас ішіп отырғанымызда/ қолымды /ортақ/ ыдыстың әрбір жеріне соза бердім. Сонда Алла елшісі маған: «Ей, балақай, Алланың атымен баста, оң қолыңмен же, және алдыңдағы тағамнан ал», - деді. Одан кейін тура осылай істейтін болдым», - деді (әл-Бұхари, 5376; Муслим, 2022).
Ал, егер Алланың атын атамай бастап қойса, одан кейін есіне түсірсе, сүннет бойынша былай дейді: «Басында да, соңында да Алланың атымен» (Бисми-Лләһи әууәлләһу уә әхираһу)/بِسْمِ الله أوَّلَهُ وَآخِرَهُ/.
Аиша анамыздың хадисінде, Алла елшісі былай деді: «Біреулерің тамақтанса Алланың атымен бастасын. Ал, егер басында Алланың есімін атауды ұмытып кетсе, былай десін: «Басында да, соңында да Алланың атымен» (Бисми-Лләһи әууәлләһу уә әхираһу)/بِسْمِ الله أوَّلَهُ وَآخِرَهُ/» (Әбу Дәуіт, 3767; әт-Тирмизи, 1858; және әл-Әлбани хадисті «сенімді» деді).
Сондай-ақ, хадисте адам шайтан секілді болмауы үшін оң қолымен жесін делінген. Мұсылман кісі егер Алланың атын атамай тамағын жесе, онда онымен бірге шайтан да тамақтанады. Ал, сол қолымен жесе, бұнымен шайтанға ұқсас болады. Себебі, шайтан тамағын сол қолымен жейді, әрі сусынын да сол қолымен ішеді.
Бұл жөнінде:
Абдулла ибн Омардың хадисінде, Алла елшісі былай деді: «Ешқайсың сол қолдарыңмен жейтін болмаңдар! Әрі ол қолмен сусын да ішпеңдер! Шын мәнінде, шайтан сол қолымен жейді, ішеді». Және Нафиъ: «Біреулерің сол қолмен бермесін де, алмасын», - сөздерін қосатын еді (Муслим, 2020).
Шайтан адамдардың үйіне түнеу үшін және тағамдарын жеп, сусындарын ішу үшін кіргісі келіп, тырысып тұрады. Жәбір ибн Абдулла /ол екеуіне Алла разы болсын/ пайғамбардың былай деп айтқан сөздерін естіді: «Егер адам үйіне кіріп, кірерде және тамақтанарда Алланың есімін атаса, шайтан өзінің атармандарына: «Сендерге түнейтін жер де, кешкі ас та жоқ», - дейді. Ал, егер адам үйіне кіріп, кірерде Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жер таптыңдар!» - дейді. Ал, егер тамақтанарда Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жерді де, кешкі асты да таптыңдар!» - дейді» (Муслим, 2018).