Омар ибн Әбу Сәләмә : «Кішкентай кезімде Алла елшісінің қамқорлығында өскен едім. Бірде, /ас ішіп отырғанымызда/ қолымды /ортақ/ ыдыстың әрбір жеріне соза бердім. Сонда Алла елшісі маған: «Ей, балақай, Алланың атымен баста, оң қолыңмен же, және алдыңдағы тағамнан ал», - деді. Одан кейін тура осылай істейтін болдым», - деді (әл-Бұхари, 5376; Муслим, 2022).
Ал, егер Алланың атын атамай бастап қойса, одан кейін есіне түсірсе, сүннет бойынша былай дейді: «Басында да, соңында да Алланың атымен» (Бисми-Лләһи әууәлләһу уә әхираһу)/بِسْمِ الله أوَّلَهُ وَآخِرَهُ/.
Аиша анамыздың хадисінде, Алла елшісі былай деді: «Біреулерің тамақтанса Алланың атымен бастасын. Ал, егер басында Алланың есімін атауды ұмытып кетсе, былай десін: «Басында да, соңында да Алланың атымен» (Бисми-Лләһи әууәлләһу уә әхираһу)/بِسْمِ الله أوَّلَهُ وَآخِرَهُ/» (Әбу Дәуіт, 3767; әт-Тирмизи, 1858; және әл-Әлбани хадисті «сенімді» деді).
Сондай-ақ, хадисте адам шайтан секілді болмауы үшін оң қолымен жесін делінген. Мұсылман кісі егер Алланың атын атамай тамағын жесе, онда онымен бірге шайтан да тамақтанады. Ал, сол қолымен жесе, бұнымен шайтанға ұқсас болады. Себебі, шайтан тамағын сол қолымен жейді, әрі сусынын да сол қолымен ішеді.
Бұл жөнінде:
Абдулла ибн Омардың хадисінде, Алла елшісі былай деді: «Ешқайсың сол қолдарыңмен жейтін болмаңдар! Әрі ол қолмен сусын да ішпеңдер! Шын мәнінде, шайтан сол қолымен жейді, ішеді». Және Нафиъ: «Біреулерің сол қолмен бермесін де, алмасын», - сөздерін қосатын еді (Муслим, 2020).
Шайтан адамдардың үйіне түнеу үшін және тағамдарын жеп, сусындарын ішу үшін кіргісі келіп, тырысып тұрады. Жәбір ибн Абдулла /ол екеуіне Алла разы болсын/ пайғамбардың былай деп айтқан сөздерін естіді: «Егер адам үйіне кіріп, кірерде және тамақтанарда Алланың есімін атаса, шайтан өзінің атармандарына: «Сендерге түнейтін жер де, кешкі ас та жоқ», - дейді. Ал, егер адам үйіне кіріп, кірерде Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жер таптыңдар!» - дейді. Ал, егер тамақтанарда Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жерді де, кешкі асты да таптыңдар!» - дейді» (Муслим, 2018).
Омар ибн Әбу Сәләмә : «Кішкентай кезімде Алла елшісінің қамқорлығында өскен едім. Бірде, /ас ішіп отырғанымызда/ қолымды /ортақ/ ыдыстың әрбір жеріне соза бердім. Сонда Алла елшісі маған: «Ей, балақай, Алланың атымен баста, оң қолыңмен же, және алдыңдағы тағамнан ал», - деді. Одан кейін тура осылай істейтін болдым», - деді (әл-Бұхари, 5376; Муслим, 2022).
Жәбірдің хадисінде, ол: «Пайғамбардың былай деп айтқан сөзін естідім: «Шын мәнінде, шайтан адам не істесе де қасында жүреді. Тіпті тамақтанып отырғанда да. Егер біреулеріңнің тағамдарыңнан бір үзінді жерге құлап қалса, оны жабысып қалған /лас/ нәрселерден тазартып, одан кейін оны шайтанға қалдырмай, жеп қойсын. Ал, егер тамақтанып болса, саусақтарын жаласын. Негізінде, сендер тағамдарыңның қайсысында береке барын білмейсіңдер», - деді (Муслим, 2033).
Осы хадисті терең ойланып, түсінген адам шайтанның адам не істесе де қасында жүріп, амалына араласуына қатты тырысатынын көреді. Өмірінің берекесін кетіріп, амалдарының көбісін бұзғысы келеді. Шайтанның адамның соңынан қалмай, бүкіл амалдарына араласқысы келіп, тырысатынына пайғамбардың мына сөзі дәлел болады: «Шын мәнінде, шайтан адам не істесе де қасында жүреді».
Сүннет бойынша, тамақтанғаннан кейін саусақтарды жалау немесе біреуге, мысалы әйеліне, жалатқызу дұрыс болып есептеледі. Оның үстіне, сүннет бойынша, саусақтарда тағамның қалдықтары қалса, оларды жалаудан бұрын майлықпен сүртілмейді.
Бұл жөнінде, жоғарыда айтылып кеткен Жәбірдің хадисінде хабарланған.
Сондай-ақ, екі «Сахих» хадистер жинағында Ибн Аббастың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде, пайғамбардың мына сөзі хабарланады: «Біреулерің тамақтанса, қолын жаламай немесе жалатпай сүртпесін» (әл-Бұхари, 5456; Муслим, 2033).
Мысалы: егер біреу күріш жесе, онда сүннетке сәйкес, ол жеген ыдыста тамақтың қалдықтары қалмауы керек. Ал егер онда тамақтан бір нәрсе қалса, онда оны (саусақпен және т.б.) тазарту керек. Мүмкін, тағамның соңғы бөлігінде береке жасырылған.
Бұл жөнінде: Әнәстің хадисінде, ол: «Пайғамбар ыдыстарымызды тазартып-сүртіңдер деп бізге әмір етті», - деді (Муслим, 2034). Сондай-ақ, Муслимде келген Әбу Һурайраның хадисінде: «Әрқайсысың ыдыстарыңды тазартып сүртсін», - делінеді (Муслим, 2035).
Шейх Ибн Усеймин /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «Бұл хадистің мағынасы: ыдыста қалып қойған тағамның қалдықтарын саусақтарыңмен жинап, жалап тазарту. Бұл да сүннет болып табылады. Бірақ, өкінішке орай, бұл сүннетке адамдардың көбісі немқұрай қарайды. Тіпті, білім іздеушілердің өзі» («Шарх риядус-салихин» 1/892 қара).
Сүннет бойынша, сусынды ыдыстан үш бөліп ішу және әрбір бөліктен кейін дем алу керек.
Бұл жөнінде: Әнәс хадисінде, ол: «Алла елшісі /қандай да бір ыдыстан ішкен/ кезде, ол әдетте үш дем алып, дем шығарып ішетін, және: «/егер осылай ішсе/, ол шөлді жақсы қандырады, /денсаулық үшін/ пайдалы болады және жақсы сіңірілуіне көмектеседі», - дейтін еді». Әнәс : «Мен де солай істеймін», - деді (әл-Бұхари, 5631; Муслим, 2028).
Бұл жерде ыдыстан тыс дем алуды айтып отыр. Себебі, ыдыстың ішіне дем алып шығару – мәкруһ амал. Екі «Сахих» хадистер жинақтарында келген Әбу Қатаданың хадисінде айтылғандай: «Алла елшісі былай деді: «Біреулерің сусын ішетін болса, ыдыстың ішіне дем алмасын»» (әл-Бұхари, 5630; Муслим, 267).
Бұл сүннет жөнінде:
Әнәс ибн Мәликтің хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Шын мәнінде, Алла Тағала, тамақ жегеннен кейін Оған мадақ-мақтаулар айтатын және сусын ішкеннен кейін Оған мадақ-мақтаулар айтатын пендеге разы болады»», - деді (Муслим, 2743).
Мақтау айтудың бірнеше нұсқалары бар. Олардан:
А) «Аллаға көп, игі, берекелі, әрдайым жиі айтылатын, үздіксіз, біз оған әрдайым мұқтаж болатын мақтаулар болсын. Уа, Раббымыз!» (Әлхамду ли-Лләһи кәсиран тайибән мубәракән фиһи, ғайрә мәкфи-йин, уә лә муәддәъин, уә лә мустағнән ъанһу! Раббәнә!)/الْحَمْدُ لِلَّهِ كَثِيرًا طَيِّبًا مُبَارَكًا فِيهِ غَيْرَ مَكْفِيٍّ ، وَلَا مُوَدَّعٍ ، وَلَا مُسْتَغْنًى عَنْهُ رَبَّنَا/ (әл-Бұхари, 5458).
Б) «Қажеттіліктерімізді беріп, шөлімізді қандырған, ешкімге де мұқтаж емес, нығметтеріне шүкіршілік етілетін Алла Тағалаға мадақ-мақтаулар болсын» (Әлхамду ли-Лләһи-лләзи кәфәнә уә әруәнә ғайрә мәкфи-йин, уә лә мәкфурин)/الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي كَفَانَا وَأَرْوَانَا غَيْرَ مَكْفِيٍّ ، وَلَا مَكْفُورٍ / (әл-Бұхари, 5459).
Сүннет бойынша, ас ішу үшін, бөлек отырмай, үстел басына жиналған дұрыс.
Бұл туралы Жәбір ибн Абдулланың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде, ол: «Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Бір адамның тамағы екеуіне жетеді, екі адамның тамағы төртеуіне жетеді, ал, төрт адамның тамағы сегізіне жетеді»», - деді (Муслим, 2059).
Сүннет бойынша, ұнап қалған тағамды мақтаған дұрыс. Және, күмәнсіз, тағамды оның ішіндегі азық үшін мақтайды.
Бұл туралы Жәбір ибн Абдулланың хадисінде, пайғамбар отбасынан дәмдеуіш сұрағаны хабарланады. Олар: «Бізде сірке суы ғана бар», - деді. Сонда сол сірке суын сұрады. Одан кейін онымен бірге жей бастады да: «Сірке су – қандай керемет дәмдеуіш, сірке су – қандай керемет дәмдеуіш!» - деді (Муслим, 2052). Хадистегі «сірке суы» сол уақыттардағы дәмдеуіш түрлерінің бірі еді, және ол қазіргі заманның сірке сулары секілді қышқыл емес, дәмі тәтті болған.
Шейх Ибн Усеймин /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деген: «Міне, бұл да пайғамбарымыздың көрсеткен жолынан болып тұр. Егер тағамды ұнатқан болса, оны мақтайтын еді. Мысалы, егер нанды мақтағаның келсе, «Пәленшенің наны өте керемет!» деп немесе сол секілді сөздер айтқаның. Міне, бұл да Алла елшісінің сүннеті» («Шарх риядус-салихин» 2/1057).
Қазіргі заманды ойлансақ, көптеген адамдардың пайғамбарымыздың сүннетіне қарсы келгендерін көреміз. Олар тек қана сүннетті қалдыруменен шектелмей, оған қарсы шықты. Бұл қарсы шығулары – кей кездерде тағамды айыптап, оны жамандауларында. Ал, олай істеу – пайғамбарымыздың жолына кері амал болып саналады. Екі «Сахих» хадистер жинағында, Әбу Һурайраның хадисінде, ол былай деген: «Пайғамбар ешқашан тағамды жамандаған емес! Егер ұнатқан болса, оны жейтін. Ал, егер ұнатпаса – жемей қалдыратын» (әл-Бұхари, 3563; Муслим 2064).
Бұл туралы Абдулла ибн Бусрдің хадисінде, ол: «Алла елшісі әкемнің үйіне дем алып тоқтаған еді. Біз оған тағамын және құрмадан дайындалған астың түрін /уатба/ ұсындық. Пайғамбар ол астан алды, одан кейін құрма алып келдік. Одан да жеді. Құрманың сүйекшелерін сұқ пен орта саусақтарының арасына қойып лақтырып отырды. Одан кейін сусын әкелінді, оны ішті де оң жақта отырғанға берді. Сонда әкем пайғамбардың аяқ артар жануарының жүгенін ұстап: «Біз үшін Алла Тағаладан дұға сұрашы», - деді. Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Мыналарға берген ризықтарыңда береке бер. Оларды кешіре гөр! Оларға рахымшылығыңды таныта гөр!» (Аллаһуммә, барик ля-һум фи-ма разақ-та-һум, уә-ғфир лә-һум уә-рхам-һум!)/اللَّهُمَّ بَارِكْ لَهُمْ فِي مَا رَزَقْتَهُمْ ، وَاغْفِرْ لَهُمْ ، وَارْحَمْهُمْ/ - деп дұға қылды», - деді (Муслим, 2042).
Яғни, адам ыдыстан ішкеннен кейін, сүннет бойынша, сусынды оң жақтағы кісіге бергені дұрыс.
Бұл туралы Әнәс ибн Мәликтің хадисінде айтылған. Ол былай деп баяндайды: «Алла елшісі біздің үйімізге келіп, сусын сұрады. Біз ол үшін қойымызды саудық. Сосын, мен міне мына құдығымнан су шығарып /сүт пен суды араластырып/ Алла елшісіне ұсындым. Алла елшісі сусыннан ішкенде, сол жағында Әбу Бәкір, ал алдында Омар, оң жағында бәдәуи /көшпелі араб/ тұр еді. Алла елшісі ішіп болғаннан кейін Омар Әбу Бәкірге көрсетіп: «Уа, Алла елшісі, міне – Әбу Бәкір», - деді. Бірақ, Алла елшісі Әбу Бәкір мен Омарды қалдырып, ыдысын бәдәуи арабқа берді. Одан кейін Алла елшісі : «Оң жақтағылар! Оң жақтағылар! Оң жақтағылар!», - деді». Әнәс : «Міне, бұл – сүннет, бұл – сүннет, бұл – сүннет», - деді. (әл-Бұхари, 2571, Муслим, 2029).
Сүннет бойынша, жамағатты сусындырған ең соңғы болып ішеді.
Бұл туралы Әбу Қатаданың ұзын хадисінде баяндалған. Онда: «...Сонда Алла елшісі сусынды құйып отырды. Ал мен болсам, ыдысты адамдарға беріп отырдым. Барлығы ішіп болған соң, ішпеген мен және Алла елшісі ғана қалдық. Алла елшісі ыдысқа сусын құйып, маған: «Іш», - деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Сіз ішпейінше, мен ішпеймін», - дедім. Ол болса: «Қауымды сусындырған – ең соңғы болып ішеді», - деді. Бұны естіп, мен іштім, ал, менен кейін Алла елшісі ішті...», - делінеді (Муслим, 681).
Пайдалы мәлімет: Сүннет бойынша, адамның сүт ішкеннен кейін ауызын сумен шайғаны дұрыс. Сүттен қалған ауызындағы майлылығын кетіру үшін. Бұл туралы Ибн Аббастан /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған: «Пайғамбар сүт ішкеннен кейін, су сұрады. Сумен ауызын шайып: «Негізінде, сүттің майлылығы бар», - деді» (әл-Бұхари, 211; Муслим, 358).
Сүннет бойынша, түн бата бастағанда ашық тұрған ыдыстардың беттерін және сусын құйылып тұрған саба немесе шынылардың ауыздарын, олар жабылса, Алланың есімін атап жапқан дұрыс.
Бұл жөнінде Жәбір ибн Абдулланың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде, ол: «Алла елшісінің былай деп айтқанын естідім: «Ыдыстарыңның беттерін және бөрдектеріңнің ауыздарын жабыңдар. Шын мәнінде, жылда бір түн бар. Ол түнде оба түседі. Ашық тұрған ыдыстардың немесе бөрдектердің қасынан өтпей, ішіне түседі», - деді (Муслим, 2014). Және әл-Бұхариде келген Жәбірдің /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде: «Бөрдектеріңнің аузын Алланың атын атап жабыңдар! Ыдыстарыңның беттерін Алланың атын атап жабыңдар! Олардың үстіне бірдеңе қойсаңдар да!», - деп айтылады (әл-Бұхари, 5623).