brightness_1
Ер адамдар үшін жамағаттың бірінші қатарына асығу – сүннет.
Ер адамдар үшін жамағаттың бірінші қатарына асығу – сүннет. Себебі, бірінші қатар ер адамдар үшін – ең жақсы қатар болып саналады. Ал, әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғы қатар.
Әбу Һурайра хадисінде, пайғамбардың былай дегені хабарланады: «/Намазда/ ер адамдар үшін ең жақсы қатар – біріншісі, және олар үшін ең жаманы – соңғысы. Ал, әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғысы, және олар үшін ең жаман қатар – біріншісі» (Муслим, 440). Ең жақсысы, яғни, артықшылығы мен сауабы көбірек; ең жаманы, яғни, артықшылығы мен сауабы азырақ.
Бұл хадис ер адамдар мен әйелдер бір жамағатта, араларын үйдің қабырғасы секілді, еш нәрсе бөлмей тұрған кез туралы келген. Міне, осындайда әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғысы. Себебі, бұл қатарда ер адамдардың көздеріне түсулері аздау болады. Ал, енді араларында үйдің қабырғасы секілді, бір бөгет болса, немесе, қазіргі таңдағы мешіттердің көбінде әйелдерге бөлек намаз оқитын бөлме берілсе, осындай жағдайда әйелдер үшін ең жақсы қатар – бірінші қатар болады. Себебі, олар бұл жағдайда ер адамдардың көздеріне түспейді. Үкім себептің бар немесе жоғына байланысты. Ал, бірінші саптың жалпы артықшылығы жайлы міне мынандай хадис бар:
Әбу Һурайраның хадисінде, Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» (әл-Бұхари 615; Муслим 437).