Әбу Һурайраның хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Ер адамның жамағатпен оқыған намазының сауабы үйде немесе базарда оқылған намазынан жиырма жеті есе артық. Бұл – егер ол, таһаратын көркем, әрі толық түрде алып, үйінен тек намаз оқу ниетімен ғана шығып, мешітке барса. Онда, мешітке дейін жасаған әр қадамы сайын ол бір дәрежеге көтеріліп, бір жасаған қатесі өшіріледі. Мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы ғана болса, онда ол /намаздың басталғанына дейін де/ намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: «Уа, Алла! Оны рахметіңе бөле! Уа, Алла! Оны кешіріп, жарылқа! Уа, Алла! Оның тәубесін қабыл ет», - деп тілейді. Ешкімге зиян келтірмей, таһаратын бұзып алмаса», - деді (Муслим, 649).
Әбу Һурайраның хадисінде, пайғамбар : «Егер қамат түсіргенді естісеңдер, намазға қарай барыңдар. Алайда, байсалды, әрі құрметті түрде жүріңдер. Асықпаңдар. Намаздың қай бөлігіне үлгерсеңдер оны /жамағатпен бірге/ оқыңдар. Ал, үлгермей қалған /намазды, жеке/ өтеңдер», - деді (әл-Бұхари, 636; Муслим, 602).
Имам Нәуәуи /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «...«Байсалдылық»: әрекеттерде асықпай, және ойын-сауықтан алыс болу, ал, «құрметті түрде»: көзді түсіріп, дауыстамай, жан-жаққа қарай бермеу» (Нәуәуидің Муслимнің «Сахих» хадистер жинағының түсіндірмесі, 602 хадис, «Намазға барудағы байсалдылық пен құрметпен баруға шақыру, және жүгіріп баруды тыйым салу» тарауы).
Әбу Хумейд немесе Әбу Усейдтің хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Егер біреулерің мешітке кіретін болса, былай десін: «Уа, Алла! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!» (Аллаһумма-фтах ли әбуәбә рахматик)/اللّهُمَّ افْتَحْ لِي أَبْوَابَ رَحْمَتِكَ/. Ал шыққанда: «Уа, Алла! Мен Сенің кеңшілігіңнен сұраймын» (Аллаһумма инни әс-әлукә мин фадлик)/اللّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ مِنْ فَضْلِكَ/ десін» (Муслим, 713).
Егер мешітке ертерек келген болса, сүннет бойынша, отырудың алдында екі ракағат намаз оқу керек. Әбу Қатада хадисінде, ол: «Пайғамбар былай деді: «Сендердің біреулерің мешітке кірсе отырмастан бұрын екі ракағат намаз оқысын»» (әл-Бұхари, 1163; Муслим 714).
Сәлем намазының орнына басқа намаздарды да оқуға болады. Мысалы, таң намаз және бесін намаздары секілді, парыз намаздың алдында сүннет намазы болса, сүннет намаздарды, немесе, духа намазы уақытында мешітке кірсе духа намазын, үтір намазын, оны мешітте оқыса, немесе парыз намаздың өзін де оқуға болады. Себебі, сәлем намаздың мақсаты: адамның отырмастан бұрын намаз оқуы. Сөйтіп, адам мешітке келгенде, оны намазсыз қалдырмай, онда әрдайым намаз оқылады.
Ер адамдар үшін жамағаттың бірінші қатарына асығу – сүннет. Себебі, бірінші қатар ер адамдар үшін – ең жақсы қатар болып саналады. Ал, әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғы қатар.
Әбу Һурайра хадисінде, пайғамбардың былай дегені хабарланады: «/Намазда/ ер адамдар үшін ең жақсы қатар – біріншісі, және олар үшін ең жаманы – соңғысы. Ал, әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғысы, және олар үшін ең жаман қатар – біріншісі» (Муслим, 440). Ең жақсысы, яғни, артықшылығы мен сауабы көбірек; ең жаманы, яғни, артықшылығы мен сауабы азырақ.
Бұл хадис ер адамдар мен әйелдер бір жамағатта, араларын үйдің қабырғасы секілді, еш нәрсе бөлмей тұрған кез туралы келген. Міне, осындайда әйелдер үшін ең жақсы қатар – соңғысы. Себебі, бұл қатарда ер адамдардың көздеріне түсулері аздау болады. Ал, енді араларында үйдің қабырғасы секілді, бір бөгет болса, немесе, қазіргі таңдағы мешіттердің көбінде әйелдерге бөлек намаз оқитын бөлме берілсе, осындай жағдайда әйелдер үшін ең жақсы қатар – бірінші қатар болады. Себебі, олар бұл жағдайда ер адамдардың көздеріне түспейді. Үкім себептің бар немесе жоғына байланысты. Ал, бірінші саптың жалпы артықшылығы жайлы міне мынандай хадис бар:
Әбу Һурайраның хадисінде, Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» (әл-Бұхари 615; Муслим 437).
Имамға ұйитын кісіге бірінші сапта тұру абзал екені туралы айтып кеткен болатынбыз, сол секілді имамға жақын тұруға да тырысуы керек. Ал, абзалы – имамға сол жақтан немесе оң жақтан жақын тұру.
Бұл туралы мына хадисте айтылған:
Абдулла ибн Масъудтің хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Маған кемел жастағылар және саналылар жақын тұрсын» (Әбу Дәуіт, 674; әт-Тирмизи, 228). Бұл дәлел имамға қай жақтан болсын жақын тұру керектігін көрсетеді.