Екі «Сахих» хадистер жинағында келген, Әбу Мусаның хадисінде, оның және ағасы Әбу Амирдың қиссасы баяндалады. Пайғамбар оны ағасы Әбу Амирдың қоластында Аутас жауынгерлеріне қарсы жіберді. Жалғасы хадисте: «Әбу Амир қаза табар алдында пайғамбарға одан сәлем айтуын және оған дұға сұрауын Әбу Мусаға өсиет етті. Сонда Әбу Муса : «Мен оған /пайғамбарға/ Әбу Амирге және бізге қандай жағдай болғанын хабарладым. Және Әбу Амирдің: «Оған айт, мен үшін Алладан кешірім сұрасын», - деген сөзін де жеткіздім. Алла елшісі болса, суды талап етіп, таһарат алды. Одан кейін, қолдарын /жайып/: «Уа, Алла! Ъубейд Әбу Амирді кешіре гөр!» - деді, /қолдарын көтергені сонша/ қолтықтарының ақ жерлерін көрдім. Одан кейін: «Уа, Алла! Қиямет күні оны /Әбу Амирді/ жаратқандарыңның немесе адамдардың көбісінен жоғары ете гөр!» - деді (әл-Бұхари, 4323; Муслим, 2498).
Абдулла ибн Аббастан /ол екеуіне Алла разы болсын/: «Маған Омар ибн әл-Хаттаб былай деп баяндады: «Бадр шайқасы күнінде Алла елшісі мүшріктерге қарады. Олардың /саны/ мың адам, ал сахабаларының /саны/ тек үш жүз он тоғыз ғана адам болды. Сонда Алланың пайғамбары құбылаға бет бұрып, қолдарын созып Раббысына жалбарына бастады: «Уа, Алла! Маған уәде бергеніңді орындай гөр! Уа, Алла! Маған уәде бергеніңді бере гөр! Уа, Алла! Егер сен мына мұсылмандар тобын жойып жіберсең, Саған жер бетінде құлшылық етілмейді». Құбылаға қарап, қолын созып, жамылғысы иығынан түсіп кеткенше дейін Раббысына жалбарына берді. Сонда қасына Әбу Бәкір келіп, жамылғысын көтеріп, иығына қайта жауып қойды. Одан кейін артынан құшақтап: «Уа, Алланың пайғамбары, Раббыңа жалбарынғаның жетер. Шын мәнінде, Ол саған берген уәдесін орындайды...», - деді» (Муслим, 1763).
Әт-Тирмизи риуаят еткен Фадала ибн Убейдтің хадисінде: «Бірде /мешітте/ Алла елшісі арамызда отырған еді. Сол уақытта бір кісі кірді, намаз оқығаннан кейін: «Уа, Алла! Мені кешіре гөр! Маған мейіріміңді таныта гөр!» - дейді. Алла елшісі /бұны естіп/: «Ей, намаз оқушы, сен асықтың! Егер намаз оқып /дұғаға/ отырсаң, Аллаға лайық нәрселерімен Оған мақтаулар айт, одан кейін маған салауат айт, ал, одан кейін дұғаңды сұра», - деді» (әт-Тирмизи, 3476; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «Сахих әл-Жәмиъ» 1/172).
Дұға сұраушы Алланың көркем есімдерінен өзінің дұғасына сәйкес болатын есімді таңдап алады. Егер Алладан ризық сұрағысы келсе «Уа, Раззақ (Ризық беруші)!» дейді, ал, Алладан мейрімін сұрағысы келсе «Уа, Рахман, уа Рахим (Аса Мейірімді, ерекше Рахымды)» дейді, ал, Алладан айбындылық сұрағысы келсе «Уа, Ъазиз (Ұлық, Қуатты)» дейді, ал, Алладан кешірім сұрағысы келсе «Уа, Ғафур (Аса Кешірімді)» дейді, ал, Алладан шипа сұрағысы келсе «Уа, Шәфи (Шипа Беруші)» дейді.
Сөйтіп, дұғасына сәйкес есімді таңдап Алла Тағалаға жалбарынады. Алла Тағала Құранда айтқандай: {Ең көркем есімдер – Алланікі. Сол есімдері арқылы Одан тілеңдер} (әл-Аъраф: 180).
Бұл туралы біз айтып кеткен Ибн Аббастың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған. Пайғамбар : «Уа, Алла! Маған уәде бергеніңді орындай гөр! Уа, Алла! Маған уәде бергеніңді бере гөр!» - деп жамылғысы иығынан түсіп кеткенше дейін Раббысына жалбарына берді. Сонда қасына Әбу Бәкір келіп, артынан құшақтап: «Уа, Алланың пайғамбары, Раббыңа жалбарынғаның жетер...», - деді» (Муслим, 1763).
Және екі «Сахих» хадистер жинағында Әбу Һурайрадан келген хадисте пайғамбардың Даус тайпасына жасаған дұғасын қайталап сұрағаны хабарланады: «Уа, Алла! Даус тайпасын тура жолға сала гөр! Оларды жеткізе гөр! Уа, Алла! Даус тайпасын тура жолға сала гөр! Оларды жеткізе гөр!» (әл-Бұхари, 2937; Муслим, 2524).
Сондай-ақ, Муслимнің «Сахих» хадистер жинағында пайғамбардың былай деп айтқан сөзі келтіріледі: «Сапары ұзаққа созылған, үсті-басын шаң басқан, шашы ұйпа-тұйпа болып кеткен кісі аспанға қолын созып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!», - дейді» (Муслим, 1015). Дұғасындағы сөздерді қайталау – табандылықты білдіреді.
Сүннет бойынша, дұға-тілекті үш рет қайталаған дұрыс. Ибн Масъудтің екі «Сахихте» келген хадисінде: «/Пайғамбар/ дұға жасағанда үш рет қайталайтын, және сұрағанда да сұрауын үш рет қайталайтын. Одан кейін: «Уа, Алла! Құрайыштардың жазаларын бер», - деп үш рет айтты», - деп хабарланады (әл-Бұхари, 240; Муслим, 1794).
Алла Тағала Құранда: {Өздеріңнің Раббыңа бойсұна, берілген күйде, құпия түрде /іштеріңнен/ тілек тілеңдер} (әл-Аъраф: 55), - деді. Дұғаны жасыру – ықыласпен сұрауға жақынырақ болады. Сол үшін Алла Тағала Зәкәрия пайғамбарын /оған Алланың сәлемі болсын/ {Міне, кезінде ол Раббысына /өзгелерден/ жасырын түрде жалбарынды} деп мақтады. Яғни, тәпсір ғалымдарының айтуы бойынша, Зәкәрия ықыласқа жетуі үшін олай істеді.
Пайдалы мәлімет: Кейбір адамдар «Дұға сұрағанымда не деп айтамын?» деп сұраулары мүмкін.
Жауабы: Алладан осы дүниенің және Ақыреттің хайырлысынан сұраңыз. Және сөзі аз, бірақ мағынасы көп жағдайды қамтитын дұғаларды таңдаңыз. Ондай дұғалар Құран Кәрім мен сүннетте бар. Олар осы дүние өмірінде және Ақырет өміріндегі хайырлы нәрселерді қамтиды. Ондай сұрақ пайғамбарымызға да қойылған, сонда пайғамбарымыз ұлы сөздермен жауап берді. Ол сөздер туралы қатты ойланыңыз! Және бұл дұғалар – ең қуанышты жаңалық, ең жақсы сыйлық, өйткені адамға оларда айтылған нәрсе берілсе, ол – адамдардың ішінде ең бақытты болары сөзсіз! Сондықтан да бұл дұғаларды ұстанып, олар туралы ойланыңыз!
Әбу Мәлик әл-Әшжаъи өзінің әкесінен /ол екеуіне Алла разы болсын/ мына сөздерді жеткізеді: «Бірде, пайғамбарға бір кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Раббымнан /бірдеңе/ сұрағанда, мен не дейін?» - деп сұрайды. Сонда пайғамбар : «Айт: «Уа, Алла! Мені кешіре гөр! Маған мейіріміңді таныта гөр! Маған ден-саулық, әрі ризық бере гөр! (Аллахуммә-ғфир ли, уә-рхам-ни, уә ъафи-ни, уә-рзук-ни)/اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي ، وَارْحَمْنِي ، وَعَافِنِي ، وَارْزُقْنِي/» - деп жауап береді. Одан кейін қолдарының бармағынан басқа саусақтарын жинап: «Шын мәнінде, бұл сөздер саған дүниеңде де Ақыретіңде де бар нәрселерді жинап береді», - деді» (Муслим, 2697).
Хадистің басқа бір риуаятында: «Адамдардың біреуі Исламды қабылдағанда пайғамбар оған намаз оқуды үйретіп, одан кейін мына сөздермен дұға етуді әмір ететін: «Уа, Алла! Мені кешіре гөр! Маған мейіріміңді таныта гөр! Мені тура жолға сала гөр! Маған ден-саулық, әрі ризық бере гөр!» (Аллахуммә-ғфир ли, уә-рхам-ни, уә-хди-ни, уә ъафи-ни, уә-рзук-ни)/اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي وَارْحَمْنِي ، وَاهْدِنِي ، وَعَافِنِي ، وَارْزُقْنِي/», - деп келтіріледі (Муслим, 2697).
Пайдалы мәлімет: Адам өзінің бауырына сырттай дұға жасағаны да – сүннет амалдарынан. Осылай жасалған дұға - Алланың рұқсатымен қабыл болады. Ал, дұға жасаушы үлкен құрметке ие болады. Мүслимнің «Сахихінде» Әбу әд-Дарданың хадисінде: «Алла елшісі былай деді: «Мұсылманның бауырына сырттай жасаған дұғасы қабыл болады. Бауырына жақсылықты әр сұраған сайын, қасына белгіленіп қойған періштесі: «Әмин. Саған да сол болсын», - дейді», - делінеді (Муслим, 2733).