Сүннет бойынша, дәретханаға кірерде екі «Сахих» хадистер жинағында келген зікірді айту:
Әнәстан : «Алла елшісі дәретханаға кірерде былай деп айтатын: «Уа, Алла! Шын мәнінде, мен ер және әйел жын-шайтандардан Өзіңе сиынамын» (Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл-хубси уәл-хабәис)/اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْخُبثِ وَالْخَبَائِثِ/» (әл-Бұхари, 6322; Муслим, 375).
Дәретханадан шыққан кісі сүннет бойынша, мына сөздерді айтады:
Ахмадтың «Муснад» кітабында, Әбу Дәуіттің және әт-Тирмизидің «Сунан» хадистер жинақтарында келген, және әл-Әлбани «сенімді хадис» деген Аиша анамыздың хадисінде: «Пайғамбар дәретханадан шыққан кезде: «/Уа, Алла!/ кешіріміңді сұраймын» (Ғуфранәк)/غُفْرَانَكَ/, - дейтін еді», - деп айтылады (Ахмад, 25220; Әбу Дәуіт, 30; әт-Тирмизи, 7; әл-Әлбани «сенімді хадис» деді «Тахқиқ мишкат әл-масабих» 1/116).
Ауырып жатса да, сау болып жүрсе де әрбір мұсылман үшін өсиет жазу – сүннет болып табылады. Алла елшісінің айтқанындай: «Егер мұсылманда өсиет ете алатын заты болса, өсиет жазбай екі түн де өткізбесін» (Ибн Омардың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінен, әл-Бұхари, 2783; Муслим, 1626). Хадисте «екі түн» деп нақты екі түнді айтып жатқан жоқ, мұсылман үшін аз уақыт өтсе өсиеті жазылып қойғаны дұрыс дегенді білдіреді. Өйткені, ол ажалы қашан келетінін білмейді. Міне, бұл сүннет – барлық адамдарға жалпы сүннет болып табылады.
Алла Тағаланың құқықтарымен байланысты: зекет, қажылық, күнәлардан өтелу сияқты өсиетке келер болсақ, немесе адамдардың құқықтарымен байланысты: қарыз, аманатты орындау сияқты өсиеттерге келетін болсақ – мұндай жағдайларда өсиет жазу сүннет емес уәжіп болады. Себебі бұл міндетті құқықтарды орындауға байланысты. Әсіресе, /орындалмай қалған/ құқықтар туралы ешкім білмесе өсиетті жазу - уәжіп. Шариғи ережеде айтылғандай: [Уәжіп тек бір амал істеумен іске асырылса, ол амал да уәжіп болады].
Бұл – сатушы мен сатып алушы сауда мәмілелері кезінде бір-біріне жомарттылық және жұмсақтық танытып, заттың бағасына саудаласу мен дауда әрқайсысы екіншісіне қатал болмай, мейірімді болулары арқылы жүзеге асады.
Бұл жөнінде:
Жәбір ибн Абдулланың хадисінде /ол екеуіне Алла разы болсын/ Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Сатуда, сатып алғанда және /ақшасын/ қайтарғанда кең пейілділік танытқан кісіге Алла Тағала мейірімді болады» (әл-Бұхари, 2076).
Сондай-ақ, өзінің хақысын талап еткенде де, негізінде, сүннет бойынша, жұмсақтық танытқан жөн. Пайғамбардың айтқанындай: «.../ақшасын/ қайтарғанда кең пейілділік танытқан кісіге Алла Тағала мейірімді болады».
Міне, бұл амал да күнделікті сүннеттерден. Оны орындау үшін адамға ең үлкен жақсылық беріледі, ол – жәннатқа кіру! Әбу Һурайрадан : «Пайғамбар таң намазынан кейін Біләлдан былай деп сұрады: «Уа, Біләл! Исламдағы үміті зор қандай амал жасадың? Шын мәнінде, мен жәннатта алдымда сенің аяқ-киіміңнің тықылдағанын естідім». Сонда Біләл: «Жасаған амалдарымның ішінде, маған үміт беретіні: түнде болсын, күндіз болсын әрбір таһарат алғаннан соң, сол таһаратпен маған жазылған /екі ракағат/ намаз оқитыным», - деді» (әл-Бұхари, 1149; Муслим, 2458).
Намазды күту – бұл адамды үлкен сыйға апаратын сүннеттердің бірі.
Бұл жөнінде:
Әбу Һурайраның хадисінде: «Алла елшісі былай деді: «Біреулеріңді /мешітте/ ұстап тұрған – намазы ғана, әрі жанұясына оралуына кедергі болып тұрған – намазы ғана болса, онда ол /мешітте өткізген уақыттың барлығында/ намазда болады»» (әл-Бұхари, 659; Муслим, 649). Мешітте намазды күтіп отырған кісі – өзінің күтуі үшін намаз оқып тұрған секілді сауап алады.
Әбу Һурайрадан : «Алла елшісі былай деді: «Біреулерің өзінің намаз оқыған жерінде таһаратын бұзбай, күтіп отырса, ол үшін періштелер «Уа, Алла! Оны кешіре гөр! Уа, Алла! Оған мейіріміңді таныта гөр!» деп дұға жасап отырады. Біреулеріңді /мешітте/ ұстап тұрған – намазы ғана, әрі жанұясына оралуына кедергі болып тұрған – намазы ғана болса, онда ол /мешітте өткізген уақыттың барлығында/ намазда болады»» (әл-Бұхари, 659; Муслим, 649). «Таһаратын бұзбай» дегені, яғни, таһаратты бұзатын әрекеттерді істемеуі. Сондай-ақ, Муслимде:
«Онда ешкімге зиян келтірмей, таһаратын бұзбай» деп келтіріледі (Муслим, 649). Яғни, мұсылманға ондай сауап – ешкімге зиян келтірмеу және таһаратын бұзбау шартымен беріледі.
Сиуак – кез-келген уақытта жасалатын жалпы сүннеттердің бірі. Пайғамбарымыз осы сүннетіне көп шақыратын еді, тіпті бір сөзінде: «Сендерге сиуакты қолданыңдар деп көп айтқан сияқтымын», - деді (Әнәстің хадисінен әл-Бұхари, 888). Сондай-ақ, пайғамбарымыз сиуак жөнінде былай да деді: «Сиуак – ауыздың тазалығы және Раббының ризалығы» (Аиша анамыздың хадисінен Ахмад, 7; ән-Нәсәи, 5; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «әл-Ируә» 1/105).
Жоғарыда келтірілген жағдайларда, әсіресе, бұл жағдайлар күндіз және түнде қайталанған кезде сиуакты қолданған – сүннет. Мысалы: түнгі намаз үшін ұйқыдан оянған кезде, таһарат алу алдында, әрбір намаздың алдында, үйге кірерде. Ал, Алла жақсы біледі!
Сүннетке сәйкес, әр намазға таһаратты жаңартып алған жөн. Егер адам ақшам намазы үшін таһарат алып, ақшам намазын оқыған болса, сүннет бойынша, құптан намазының уақыты келгенде, таһаратты бұзбаған болса да, құптан намазы үшін қайтадан таһарат алады.
Бұл жөнінде:
Әл-Бұхариде келген хадисте: «Пайғамбар әрбір намаздың алдында таһарат алатын еді», - делінеді (әл-Бұхари, 214).
Сонымен қатар, адамның күні бойы таһаратты күйде жүруі де – сүннет. Саубанның хадисінде пайғамбардың айтқанындай: «Таһаратты тек мүмін ғана сақтап жүреді» (Ахмад, 22434; Ибн Мәжәһ, 277; Әд-Дәрими, 655; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «Сахих әл-Жәмиъ» 1/225).