Сүннетке сәйкес, егер мұсылман аяқ киімін кигісі келсе, ол оң жақтан бастайды, ал егер оларды шешкісі келсе, керісінше сол жақтан бастайды.
Бұл жөнінде: Әбу Һурайраның хадисінде, Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Қайсыбірің болмасын аяқ киімін киерде алдымен оң аяғынан бастап кисін. Ал шешкенде сол аяқтан бастасын. Осылайша, оң аяқ алдымен киіліп, соңынан шешілетін болсын» (әл-Бұхари, 5856).
Және Муслимде келген хадисте: «Қайсыбірің болмасын бір ғана аяқ киімін киіп жүрмесін. Екеуін бірдей кисін немесе екеуін де шешіп тастасын», - делінеді (Муслим, 2097).
Бұл екі хадис үш сүннетті қамтиды:
1. Аяқ киімді кигенде оң аяқтан бастау.
2. Аяқ киімді шешкенде сол аяқтан бастау.
3. Аяқ киімнің біреуімен ғана жүрмеу үшін, екеуін де кию немесе екеуін де шешіп тастау.
Ақ түсті киімдерді кию.
Ақ түсті киімдерді кию – сүннет амалдарынан болып табылады. Ибн Аббастың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде: «Алла елшісі : «Киімдеріңнің ақ түстісін киіңдер. Шын мәнінде, ондай киімдер – киімдердің ең жақсылары. Және дүниеден озғандарыңды сол түске ораңдар», - деді», - деп хабарланады (Ахмад, 2219; Әбу Дәуіт, 3878; әт-Тирмизи, 994; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «Сахих әл-Жамиъ» 1/267).
Шейх Усеймин /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «Бұл кез-келген ақ киімге қатысты болады, мысалы, көйлек, шалбар және басқа киімдер. Барлық киім ақ болғаны абзал, себебі бұл - ең жақсы киімдер. Алайда, егер адам басқа түсті киім кисе, оның ешқандай жамандығы жоқ» (Шейх Ибн Усейминнің «Риядус-салихин» кітабының түсіндірмесі 2/1087).
Әтір қолдану.
Әнәстің хадисінде айтылғандай: «Алла елшісі былай деді: «Дүниеде маған әйелдер мен хош иісті сулар /әтірлер/ сүйкімді етілді. Ал, намаз көзімнің қуанышы болды»» (Ахмад, 12293; ән-Нәсәи, 3940; әл-Әлбани «Сахих ән-Нәсәи» кітабында бұл хадисті «жақсы сенімді хадис» деді).
Ал, «Маған сендердің дүниелеріңнен үш нәрсе сүйкімді етілді» сөздері бар хадис – әлсіз хадис болып табылады.
Пайғамбар өзінен жағымсыз иіс шыққанын жақсы көрмеген. Әл-Бұхариде келген Аиша анамыздың хадисінде, ол кісі: «Алла елшісі өзінен жағымсыз иіс шыққанын жақсы көрмеген», - деді (әл-Бұхари, 6972). Яғни, хош иіс емес шыққанын жақсы көрмеді.