Оның сүннет екені туралы көп, әрі егжей-тегжейлі түрде келген дәлелдер бар. Олардан: Әбу Һурайрадан келген хадисте Алла елшісінің былай деп айтқаны келтіріледі: «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында алты міндеті бар». Сонда: «Уа, Алла елшісі, ол қандай міндеттер?», - деп сұралды. Ол: «Егер оны кездестірсең – онымен сәлемдес, ол сені шақырғанда – бар, сенен насихат /кеңес/ сұраса – насихатыңды бер, түшкіріп Аллаға мақтаулар айтса – оған жақсылық тіле, ауырып қалса – зиярат ет, ал егер өмірден озса – оны /соңғы сапарына/ шығарып сал», - деді (Муслим, 2162).
- Сәлемге жауап беру – уәжіп. Бұған дәлел:
Алла Тағаланың мына айтқан сөзі: {Қашан сендерге қандай да бір амандасу сөзімен сәлем берілсе, сендер одан жақсысымен жауап беріңдер немесе сол сәлемнің өзін қайтарыңдар. Анығында, Алла – әрбір нәрсенің есебін алушы} (Ниса: 86).
Уәжіп болған әмір, негізінде, кері үкім дәлелденбесе, уәжіп болып қала береді. Ал, сәлемге жауап беру – уәжіп екенін көптеген ғұламалар «ижмәъ» /бірауызды пікір/ ретінде айтып кеткен, олардың ішінде: Ибн Хазм, Ибн Абдульбарр, шейх Тақиюддин және т.б. олардың барлығына Алланың рахыметі болсын («Әл-әдәб әш-шаръия» 1/356, «Муәссәсә әр-рисәлә» баспасы, қара).
- Сәлемнің және оған жауап берудің ең абзал, әрі ең кәміл нұсқасы: «Сізге Алланың сәлемі, рахыметі және берекесі болсын!» (Әссәләму ъаләйкум уә рахматуЛлаһи уә баракәтуһ). Міне, мұндай сәлем ең кәміл, әрі ең жақсы амандасу.
Ибн әл-Қайим /оған Алланың рахыметі болсын/: «Пайғамбардың нұсқауы – сәлемді «берекесі болсын» (баракәтуһ) сөзіне тоқтау еді», - деді («Зәд әл-Миъад» 2/417 қара).
Сәлемді тарату – сүннет, оған қоса жай ғана сүннет емес, бұл амал үлкен қасиет-артықшылығымен оны істеуге ынталандыратын сүннет. Әбу Һурайраның хадисінде айтылғандай, Алла елшісі : «Жаным Оның қолындағымен ант етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Бірақ, бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірмейсіңдер. Бір-біріңді жақсы көріп кететіндей бір амалды сендерге көрсетейін бе? Араларыңда сәлемді таратыңдар!», - деді (Муслим, 54).
Мысалы, егер сәлем беретін адам сәлем берілген адамы естіді ме, естімеді ме деп күмәнданып қалса екінші рет қайталап, ал сәлем берілген адам мүлдем естімей қалса үшінші рет сәлем сөздерін қайталаған жөн. Сондай-ақ, егер сәлем беретін адам көпшілік жиналған жиналысқа кірген болса, оны тек кіре берістің жанында тұрғандар ғана естуі мүмкін, сондықтан да жиналысқа қатысушылардың барлығын қамту үшін оған сәлемдесу сөзін үш рет қайталау қажет.
Бұл туралы Әнәстың хадисінде айтылған: «Пайғамбар сөйлеген кезінде, оны /жақсылап/ түсінуі үшін сөзін үш рет қайталайтын. Ал, егер бір қауымға келіп сәлемдессе, сәлемін үш рет қайталайтын еді» (әл-Бұхари, 95).
Әнәстың хадисінен: қажет болса, сөзді үш рет қайталаудың сүннет амалдарынан екені алынады. Мысалы, адам сөйлеп жатқан кезінде, біреу сөзін түсінбей қалса, сүннет бойынша оны екінші рет, сонда да түсінбей жатса үшінші рет қайталаған дұрыс.
Абдулла ибн Амрдың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде: «Бірде, бір кісі Алла елшісінен былай деп сұрады: «Ең жақсы Ислам қандай?» - деп. Сонда пайғамбарымыз: «Біреуді тамақтандырғаның және білетіндерге де білмейтіндерге де сәлем сөздерін айтқаның», - деді (әл-Бұхари, 12; Муслим, 39).
Әбу Һурайрадан : «Алла елшісі былай деді: «Салт атты жаяу жүргенге /бірінші болып/ сәлем береді, жаяу жүруші отырған кісіге сәлем береді және аз адам көпшілікке сәлем береді» (әл-Бұхари, 6233), Муслим, 2160). Және әл-Бұхариде келген риуаятта: «Кішкентайы үлкеніне, өтіп бара жатқан кісі отырғанға, аз адам көпшілікке /бірінші болып/ сәлем береді», - деп айтылған (әл-Бұхари, 6234).
Кіші үлкенмен бірінші болып сәлемдесуі – негіз болып табылады. Алайда, егер үлкені кішімен немесе жаяу жүруші салт аттымен бірінші болып сәлемдессе, онда бұл іс-әрекет амалдардың ең жақсы түріне сәйкес келмесе де, жаман немесе жағымсыз ештеңесі жоқ.
Әнәс ибн Мәликтің хадисінде, ол: «Алла елшісімен бірге жүргенімде, ол кішкентай балалардың қасынан өтіп бара жатып, оларға сәлем сөздерін айтты», - деді (әл-Бұхари, 6247; Муслим, 2168).
Балаларға сәлем жолдай отырып, мүмін оларды осы әдетке үйретеді және олардың жүректерінде осы сүннетке деген сүйіспеншілік оятады. Сондай-ақ балаларға бірінші болып сәлем беру – қарапайымдылықтан.
Үйге кірерде сәлем сөздерін айту – жалпы сәлем таратуға кіреді. Оны сиуак қолданғаннан кейін айту керек. Себебі, үйге кірерде сиуакты қолдану – сүннет амалдарынан болып тұр. Және бұл сиуакты қолданудың, сүннет бойынша, төртінші жері. Муслимде келген Аиша анамыздың хадисінде айтылғандай: «Пайғамбар үйге кіргенде бірінші кезекте сиуакты қолданды» (Муслим, 253). Адам үйге кіргенде сиуакпен тісін тазалайды, одан кейін үй ішіндегілермен сәлемдеседі. Кейбір ғалымдар: «Сүннет бойынша, үйге кірген кезде сәлем сөздерін айту керек, қандай да үй болмасын, тіпті үйде ешкім болмаса да. Алла Тағала айтқандай: {Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе /бір-біріңе/ Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер! Осылайша Алла, сендерге аяттарын ашық баян етеді. Әрине түсінерсіңдер} (Нур: 61)», - деген.
Ибн Хажар /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деген: «Жалпы сәлемді таратуға - ешкімі жоқ жерге /үйге/ кірсе де, өз-өзіне сәлем беруі де жатады. Алла Тағаланың айтқанындай: {Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе /бір-біріңе/ Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!}» («Фатхуль-бари», 6235 хадис, Сәлемді тарату бөлімі, қара).
Пайдалы мәлімет: Жоғарыда айтылғандардан, сүннет бойынша, үйге кірерде үш әрекетті жасаған жөн:
Біріншісі: Алла Тағаланың атын атау, әсіресе, түнде.
Жәбір ибн Абдулла /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылғандай: ол пайғамбардың былай деп айтқан сөздерін естіді: «Егер адам үйіне кіріп, кірерде және тамақтанарда Алланың есімін атаса, шайтан өзінің атармандарына: «Сендерге түнейтін жер де, кешкі ас та жоқ», - дейді. Ал, егер адам үйіне кіріп, кірерде Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жер таптыңдар!» - дейді. Ал, егер тамақтанарда Алланың есімін атамаса, шайтан: «Түнейтін жерді де, кешкі асты да таптыңдар!» - дейді» (Муслим, 2018).
Екіншісі: Сиуак. Жоғарыда Аиша анамыздың хадисінде айтылған болатын. Және ол хадис қай кітаптарда келгенін де атап кеттік.
Үшіншісі: Үй ішіндегілермен сәлемдесу.
Міне, осылай пайғамбар істейтін еді. Миқдад ибн әл-Әсуәдтің хадисінде айтылғандай: «...сауатын едік. Және әрбір кісі бізден сүт үлесін алатын еді. Пайғамбардың сүт үлесін біз қалдырып отырдық. Ол болса, түнде келіп, ұйықтап жатқандарды оятпайтындай, бірақ, ояу адам еститіндей сәлем беретін» (Муслим, 2055).
Біреу арқылы сәлем айту да сүннет болып табылады. Мысалы, біреу саған: «Пәленшеге менен сәлем айт» десе, сүннет бойынша, ол сәлемін сәлем айтқан кісіге жеткізу керек.
Бұл туралы, Аиша анамыздың хадисінде, пайғамбардың оған былай деп айтқаны хабарланады: «Расында, Жәбірейіл саған сәлем айтып жатыр». Аиша: «Оған да Алланың сәлемі мен рахымшылығы болсын!», - деді. (әл-Бұхари, 3217; Муслим, 2447).
Хадисте сәлемді жеткізу керек екені айтылған, пайғамбарымыз Жәбірейілдің сәлемін жеткізгендей. Сондай-ақ, біз бұл хадистен біреу арқылы сәлем айтудың сүннет екенін білеміз.
Әбу Һурайраның хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Біреулерің жиналысқа кірсе, отырғандармен сәлемдессін. Тұрып кеткісі келсе де сәлемдессін. Екіншісі біріншіден кем емес», - деді (Ахмад, 9664; Әбу Дәуіт, 5208; әт-Тирмизи, 2706; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «Сахих әл-Жамиъ» 1/132).
Әбу Заррдың хадисінде, ол: «Маған пайғамбар былай деп айтты: «Жақсы амалдардың біреуіне де кішкентай амал деп елемей, немқұрай қараушы болма! Тіпті, /ол амалдардың ішінде/ бауырыңды жылы шыраймен қарсы алғаның болса да», - деді (Муслим, 2626). Сондай-ақ, әт-Тирмизиде келген Әбу Заррдың хадисінде, Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Бауырыңның жүзіне күлімсіреуің, сен үшін садақа» (әт-Тирмизи, 1956; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады («Әс-сахиха» 572).
Кездесу кезінде, жиналыстарда немесе кез-келген басқа жағдайда да жақсы сөз айту – сүннет, әрі садақа болады.
Бұл туралы: Әбу Һурайраның хадисінде, ол: «Алла елшісі : «Жақсы /игі/ сөз – садақа», - деді» (әл-Бұхари, 2989, Муслим, 1009).
Көбінесе адамдардың аузынан көп жақсы, әрі игі сөздерді естуге болады, ал егер олар (сауапты іс деп) ниеттеніп сөйлейтін болса еді, ол үшін көптеген сауапқа ие болар еді. Өйткені жақсы сөз – садақа. Әрі, осы садақалардан мол пайда табар еді.
Шейх Усеймин /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «Жақсы сөздерге, мысалы біреуден: «Қалайсың?», «Қалың қалай?», «Аға-інілерің қалай?», «Отбасың қалай?» деп сұрғаның, және сол секілді сөздер де жатады. Себебі, жақсы сөздер – адамдарда қуаныш сезімін тудыратын сөздер. Әрбір жақсы сөз – Алланың алдындағы саған садақа, сый, әрі сауап» («Рияд ас-салихин» кітабының түсіндірмесі 2/996, «Кездесуде жақсы сөз айтып, көңілді және жылы шырайлы сөздерді айтқан жөн» бөлімін қара).
Алланы еске алатын жиналыстардың қадір-қасиетін көрсететін хадистер және ол амалға шақыратын арнаулар көп. Олардан Әбу Һурайраның хадисі келтіріледі, онда ол: «Алла елшісі былай деді: «Шынында, Алланы еске алуды іздейтін періштелер бар, және олар Алланы еске алатын адамдарды тапқанда, бір-біріне: «Іздегендеріңе барыңдар», - дейді. Олар /осындай адамдарды/ қанаттарымен /бүкіл кеңістікті толтыра отырып/ дүние аспанына дейін қоршап алады...», - деді» (әл-Бұхари, 6408; Муслим, 2689).
سُبْحَانَكَ اللّهُمَّ وَبِحَمْدِكَ أَشْهَدُ أن لاَ إلَهَ إلاّ أنْتَ، أَسْتَغْفِرُكَ وَأَتُوبُ إِلَيْكَ
Әбу Һурайраның хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Кімде-кім жиналыста отырып, ол жиналыста шу көбейіп кетсе, тұрып кеткісі келсе, тұрардан бұрын: «Уа, Алла! Сен Пәксің және бүкіл мадақ Саған! Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екеніне куәлік беремін, Сенен кешірім сұраймын және Саған тәубе етемін» (Субханә-кә-Ллаһуммә, уә бихамди-кә, әшһәду әллә иләһа иллә Әнтә, әстәғфирукә уә әтубу иләйк), - деп айтса, оған отырысында болған барлық нәрсе кешіріледі»», - деді (әт-Тирмизи, 3433; әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады «Сахих әл-Жамиъ» 2/1065).