Сүннет бойынша, азанды естіген кісі азаншының артынан ілесіп, сөздерін қайталауы керек. Тек, «Намазға асық!» (Хайя ъаляс-салят), «Құтылуға асық!» (Хайя ъаляль-фалях) сөздерінен басқа. Азаншы мына сөздерді айтқан кезде оған ілесуші «Алладан басқа ешкімде де күш пен қуат жоқ!» (Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ) сөзін айтуы керек.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Астың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде, ол пайғамбардың былай деп айтқанын естіді: «Азаншыны естісеңдер, оның айтқанын қайталаңдар...» (Муслим, 384). Және Омар ибн әл-Хаттабтың хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Азаншы «Алла ұлық! Алла ұлық!» десе, сендер де «Алла ұлық! Алла ұлық!» деңдер. Одан кейін «Алладан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін» деп айтса, сендер де «Алладан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін» деп айтыңдар. Одан кейін «Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етемін» деп айтса, сендер де «Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етемін» деп айтыңдар. Ал егер «Намазға асық!» деп айтса, сендер «Алладан басқа ешкімде де күш пен қуат жоқ!» деңдер. Одан кейін «Құтылуға асық!» деп айтса, сендер «Алладан басқа ешкімде де күш пен қуат жоқ» деп айтыңдар. Ал одан кейін «Алла ұлық! Алла ұлық!» десе, сендер де «Алла ұлық! Алла ұлық!» деңдер. Және «Алладан басқа құдай жоқ» десе, сендер де «Алладан басқа құдай жоқ» деңдер. Бұл сөздерді шын жүректен айтқан болсаңдар, жәннатқа кіресіңдер!»», - деді (Муслим, 385).
Азаншы таң намазы уақытында азан шақырып «Намаз ұйқыдан жақсы!» (Әс-саләту хайрум-минан-наум) дегенінде, оның артынан қайталаушы да сол сөздерді айтады.
Екі куәліктен кейін зікір айту.
Азаншы «Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етемін» деп екінші рет айтқаннан кейін төмендегі хадисте келген зікірді айту – сүннет болып табылады. Саад Алла елшісінің былай деп айтқан сөзін жеткізеді: «Азаншыны естігеннен кейін кімде-кім «Серігі жоқ, Жалғыз Алладан басқа құдай жоқ екеніне, және Мұхаммед Оның құлы мен елшісі екеніне куәлік етемін. Аллаға Раббы ретінде, Мұхаммедке Алланың елшісі ретінде, Исламға дін ретінде ризамын»(Әшһаду әллә иләһа иллә Ллаһу уәхда-һу лә шәрикә лә-һу уә әннә Мухам-мадан ‘абду-һу уә расулю-һу. Радийту би-Лләһи Раббан, уә би-Мухаммадин расулян уә би-ль-ислами динән)/أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلهَ إِلاَّ الله وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، وَأَنَّ مُحَمَّداً عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ، رَضِيتُ بِالله رَبَّاً ، وَبِمُحَمَّدٍ رَسُولاً ، وَبِالإِسْلاَمِ دِيناً،/ деп айтса, күнәлары кешіріледі» (Муслим, 386).
Азаннан кейін пайғамбарға ﷺ салауат айту.
Абдулла ибн Амр /ол екеуіне Алла разы болсын/: «Алла елшісі былай деді: «Кімде-кім азаншының азанын естісе, оның айтқанын қайталасын. Сосын маған салауат айтыңдар. Себебі кім маған бір салауат айтса, Алла оған он есе игілік жаудырады. Сосын Алладан мен үшін уәсиләні сұраңдар. Негізінде ол Алла Тағаланың құлдарының біріне ғана тиесілі. Сол адамның мен болуымды қалаймын. Кімде-кім маған уәсиләні сұрайтын болса, оған шапағат етіледі»», - деді (Муслим, 384).
Пайғамбарға салауаттың ең жақсысы – Ибраһим салауаты: «Уа, Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына салауат еткеніңдей (мейірімің мен разылығыңа бөлегеніңдей) пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның отбасына салауат еткейсің...» (Аллаһумә салли ъалә Мухаммадин уә ъалә али Мухаммад, кәмә салләйтә ъалә Ибраһимә уә ъалә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд. Аллаһумә бәрик ъалә Мухаммадин, уә ъалә али Мухаммад кәмә барәктә ъалә Ибраһимә уә ъалә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд).
Азаннан кейінгі зікір-дұғаны айту.
Жәбір хадисінде, ол: «Алла елшісі былай деді: «Кімде-кім азаннан кейін: «Уа, мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббысы Аллам! Мұхаммедке уәсиләні, ерен ерекшелікті бер. Оны Өзің уәде еткен мақтаулы шыңға жеткіз» (Аллаһумма рәббә һәзиһид-даъуатит-тәәммә уәс-саләәтил-қаайимә, әәти Мухаммәдәнил-уәсиләтә уәл- фадиләтә. Уәбъасһу мақамәм махмуудәниллази уаъаттәһ)/اللَّهُمَّ رَبَّ هَذِهِ الدَّعْوَةِ التَّامَّةِ، وَالصَّلَاةِ الْقَائِمَةِ ، آتِ مُحَمَّدًا الْوَسِيلَةَ وَالْفَضِيلَةَ ، وَابْعَثْهُ مَقَامًا مَحْمُودًا الَّذِي وَعَدْتَهُ/, - деп айтар болса, онда оған қиямет күні менің шапағатым бұйырады»», - деді (әл-Бұхари, 614).
Азаннан кейін дұға сұрау.
Абдулла ибн Амр /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде бір кісі пайғамбарға келіп, былай дегені хабарланады: «Уа, Алла елшісі! Шын мәнінде, азаншылар бізден көп озып кетті!». Сонда, Алла елшісі : «Олардың айтқандарын қайтала. Ал, қайталап болғаннан кейін, қалағаныңды тіле, жауап аларсың», - деді (Әбу Дәуіт, 524; Ибн Хажар хадисті «жақсы хадис» деді «Натаиж әл-Афкар», 1/367; сол секілді әл-Әлбани «Сахих әл-Калим әт-Тайиб», 73 бет).
Сондай-ақ, Әнәстың хадисінде, пайғамбардың былай дегені хабарланады: «Азан мен қаматтың арасында жасалған дұға – қабыл болады» (ән-Нәсәи, 9895; Ибн Хузейма хадисті «сенімді» деді 1/221/425).
Хабарласу
Бізбен
Хабараласуыңызды және сауалдарыңызды кез-келген уақытта қабылдауға қуаныштымыз