«Сүннет» сөзі «мустахаб» және «мәндуб» мағынасында қолданылады.
Және «сүннет» ол – Заң шығарушы /Алла/ міндетті емес деп әмір берген амал, оны орындағаны үшін мүмінге сауап беріледі, ал тастап кеткені үшін ол жазаға лайық емес болады.
Алғашқы ізгі мұсылмандардың сүннетті ұстанудағы тырысушылықтарының мысалдары:
1/ Имам Муслим – өзінің «Сахих» кітабында Нұғман ибн Сәлімнің Омар ибн Әустан /Алла ол екеуіне разы болсын/ хадисін риуаят етті: «Менімен Анбаса ибн Әби Суфиян сөйлесті, ол былай деді: «Умм Хабибаның былай дегенін естідім: «Мен Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Кімде-кім күні мен түнінде он екі ракағат намаз оқыса, оған олар үшін жәннатта үй салынады»» (Муслим, 1727). Умм Хабиба: «Мен бұны Алланың елшісінен естігеннен бері ол ракағаттарды тастаған жоқпын», - деді. Ал, Анбаса: «Мен бұны Умм Хабибадан естігеннен бері оларды тастаған жоқпын!» - деді.
Амр ибн Әус: «Мен бұны Анбасадан естігеннен бері оларды тастаған жоқпын!» - деді.
Нұғман ибн Сәлім: «Мен бұны Амр ибн Әустан естігеннен бері оларды тастаған жоқпын!» - деді.
2/ Әли хадисінде: «Бірде Фатыма оның қол диірмені оны шаршататынын айтты. Ол күндері пайғамбарға тұтқынға түскендерді алып келген болатын. Сонда Фатыма әкесінің үйіне келеді, бірақ, оны таба алмай Аишаны кездестіріп оған мән-жайын айтып береді. Ал пайғамбар үйіне оралғанда Аиша оған Фатыманың келгені туралы хабарлады. Сонда пайғамбар ұйқыға жатып қалған кезімізде келді. Енді тұрайын деп жатқанымызда ол: «Орындарыңда қалыңдар», - деді. Сосын арамызда солай отырды, мен кеудеммен ол кісінің салқын табандарын сездім, одан кейін: «Сендер сұрағаннан қайырлы нәрсені сендерге үйретейін бе? Ұйықтар алдында Алла Тағаланы отыз төрт рет ұлықтаңдар («Алла Ұлық» (Аллаһу Әкбар) сөздерімен), отыз үш рет Оны пәктеңдер («Алла пәк» (Субхана-Ллаһ) сөздерімен), және отыз үш рет Оған мақтау-мадақ айтыңдар («Бүкіл мақтау-мадақ Аллаға ғана тән» (Әл-хамду-ли-Лляһ) сөздерімен). Бұл сендерге қызметшіден жақсы болады!», - деді (әл-Бұхари, 3705; Муслим, 2727).
Ал хадистің тағы бір риуаятында Әлидың былай дегені келтіріледі: «Бұны пайғамбардан естігенімнен бері тастаған жоқпын». Одан біреу: «Сыффин түнінде де?» - деп сұрады. Әли : «Сыффин түні де тастағаным жоқ», - деді (Муслим, 2727).
Сыффин түні шайқас болғаны мәлім. Ал Әли ол шайқаста әскербасшысы болған. Бірақ, осыған қарамастан бұл сүннетті ол тастаған жоқ!
3/ Ибн Омар жаназа намазын оқып болғаннан кейін кетіп қалатын, осылай істеу толық сүннет деп ойлап жүрген. Бірақ, жаназаға мәйітті көмуге дейін ілесудің артықшылығын білген жоқ. Алайда, Әбу Һурейраның хадисі оған жеткенде, сүннетті жіберіп қойғанына қатты өкінді. Ал, енді оның не істегені туралы ойланып көрші?
Әбу Омар қолындағы таяғымен жерді бір ұрды да: «Көп қаратты /сауапты/ жіберіп қойдық қой!» - деді (әл-Бұхари, 1324; Муслим, 945).
Имам Науауи /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «Бұл хадисте сахабалардың жақсы амалдардың артықшылықтары оларға жеткендегі оларды орындауға қатты тырысушылықтары, және амалдың артықшылығы мен ұлылығын білмей қалса да, ол амалды істемей жіберіп қойғандары үшін қатты өкінгендері көрініс алады». («әл-Минһаж» 7/15).
Сүннетке ілесудің жемістері:
Құрметті бауырым, сүннетке ілесудің жемістері өте көп, олардың ішінде:
1/ Алла Тағаланың жақсы көруі дәрежесіне жету. Алланың құлы нәпіл амалдарымен Аллаға жақындай түскенде Алла құлын жақсы көруі дәрежесіне жетеді.
Ибн әл-Қайим /оған Алланың рахыметі болсын/ былай деді: «Алла Тағала сені тек Өзі жақсы көргенінің /пайғамбардың/ артынан айқында және көместе ілессең; оның әкелген хабарларына сенсең; дағуатын қабылдасаң; оған өз еркіңмен бағынсаң; оның үкімдерін басқа біреудің үкімдерінен жоғары қойсаң; оны жақсы көруді басқа біреуді жақсы көруден жоғары қойсаң; оған бағынуды басқа біреуге бағынудан жоғары қойсаң ғана жақсы көреді. Ал егер бұның барлығы сенде болмаса, онда әуре болмай-ақ қой, қай жақтан қаласаң сол жақтан орал да, қандай болса да сәулені ізде!» («Мадариж әс-сәликин» 37/3).
2/ Алла Тағала Өзінің құлымен бірге болуы. Алла Тағала пендесіне жақсы амалдарды істеуге көмектесіп, оған қолдау береді. Сөйтіп, тек қана Раббысы жақсы көрген амалдарды ғана істейтін болады. Себебі, пенде Алланың жақсы көруі дәрежесіне жетсе, Алланың онымен бірге болуы дәрежесіне де жетеді.
3/ Алла Тағаланың сұраған дұғасына жауап беруі. Кімде-кім Раббысына нәпіл амалдармен жақындаса – Алланың жақсы көруі дәрежесіне жетеді, ал кім ол дәрежеге жетсе Алла Тағала оның сұраған дұғасына жауап береді.
Осы үш жемісті мына хадисте таба аламыз:
Әбу Һурайра хадисінде былай дейді: «Алланың елшісі былай деді: «Ақиқатында, Алла Тағала: «Менің әулиеме /жақыныма/ жау болғанға Мен де соғыс жариялаймын. Пендемнің маған жақындау ниетімен жасаған барлық амалдарының ішінде Маған ең сүйіктісі – Мен парыз еткен амалдар. Пендем Менің сүйікті құлдарымның /біріне/ айналмайынша, сол парыз етілген амалдардан да асыра /нәпіл/ амалдар жасайды. Ал Мен оны жақсы көрсем, оның естір құлағы, көрер көзі боламын, ұстайтын қолы һәм жүретін аяғы боламын. Егер ол менен әлдебір қажетін сұраса, Мен міндетті түрде оған /оны/ беремін, ал егер Менен пана тілесе, оны міндетті түрде қорғаймын. Мені жасап жатқан амалдардың ішінде өлімді қаламайтын мүміннің жанын алу секілді ешнәрсе күдікке алмайды. Себебі мен оған зиян келтіргім келмейді», - деп айтады» (әл-Бұхари, 6502).
4/ Парыздарда кеткен кемшіліктердің орнын басу. Нәпіл амалдар – парыз амалдарда кеткен кемшілікердің орнын басады.
Бұл туралы мына хадисте айтылған:
Әбу Һурайра хадисінде былай дейді: «Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті - намаз. Егер намазы жақсы болса, ол құтылады және мақсатына жетеді. Ал, егер, намазы жаман болса ол сәтсіздік пен үлкен шығынға ұшырайды. Парыздарының ішінде бір кемшілік табылса, ұлы Раббымыз: «Қараңдар, құлымның нәпіл /сүннет/ намаздары бар ма екен? Құлымның парыз намаздарындағы нұқсандарды нәпілдермен толтырыңдар», - дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады». (Имам Ахмад, 9494; Әбу Дәуіт, 864; әт-Тирмизи, 413; әл-Әлбани хадисті «сенімді» деді «Сахих әл-Жамиъ» 1/405).
Хабарласу
Бізбен
Хабараласуыңызды және сауалдарыңызды кез-келген уақытта қабылдауға қуаныштымыз