languageIcon
search
search
brightness_1 Сүннет амалдарынан – түнгі намазды оның ең абзал уақытында оқу.

Егер «түнгі намаздың ең абзал уақыты қашан» деп сұралса?

Жауабы осындай болады: үтір /түнгі/ намазының уақыты құптан намазынан кейін таңның шыға бастаған уақытына дейін екені белгілі. Үтір намазы құптан намазы мен таң намазының арасында оқылады.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Аиша анамыздың  хадисінде: «Алланың елшісі құптан мен таң намазының арасында он бір ракағат оқитын еді. Әр екі ракағаттан кейін сәлем беріп, бір ракағат үтір намазын оқитын» (әл-Бұхари, 2031; Муслим, 736).

Ал түнгі намазды оқуға ең абзал уақыт: түн ортасынан кейін түннің үштен екінші бөлігі.

Яғни, адам түнді бірнеше бөлікке (6 бөлікке) бөліп, түннің екінші жартысы басталғанда намаз оқу үшін көтерілуі керек. Яғни, түннің төртінші және бесінші бөлігінде намазға тұрып, алтыншы бөлігінде ұйықтайды.

Бұл туралы Абдулла ибн Амр /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған. Алла елшісі  былай деді: «Алла үшін ең сүйікті ораза – Дәуіт оразасы. Ал ең сүйікті намаз – Дәуіт намазы /оған Алланың сәлемі болсын/. Ол түннің жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігінде намаз оқып, алтыншы бөлігінде ұйықтайтын. Және бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын» (әл-Бұхари, 3420; Муслим, 1159).

Егер мұсылман адам мына сүннетті орындағысы келетін болса, түнді қалай дұрыс бөледі?

Күн батқаннан таңның атуына дейінгі уақытты есептеп, оны алты бөлікке бөледі. Алғашқы үш бөлік – ұйықтайтын түннің бірінші жартысы, содан кейін түннің төртінші және бесінші бөліктерінде намаз оқу үшін оянады, ал соңғы бөлігінде – алтыншысында – ұйықтайды. Міне, осы себептен Аиша анамыз  былай деген: «Таң сәрісі оны /пайғамбарды / менде ұйықтаған күйінде табатынмын» (әл-Бұхари, 1133; Муслим, 742).

Міне, мұсылман осы жолмен істеп көрсе, жоғарыда айтылып кеткен Абдулла ибн Амрдың хадисінде сипатталған түн намазының ең абзал уақытына ілігеді.

Жоғарыда айтылған сөздерді қысқартып айтсақ, түнгі намазды орындау уақытының абзалдығы үш дәрежеге бөлінеді:

Бірінші дәреже: айтып кеткеніміздей, түннің бірінші жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігін намазда тұрып, алтыншы бөлігінде ұйықтау.

Бұл туралы жоғарыдағы Абдулла инб Амр ибн әл-Ъас /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған.

Екінші дәреже: түннің соңғы үштен бір бөлігінде намазға тұру.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Әбу Һурайраның  хадисінде Алла елшісі  былай деді: «Әр бір түннің соңғы үшінші бөлігінде аса Ұлы және Жоғары Раббымыз дүние аспанына түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін», - дейді» (әл-Бұхари, 1145; Муслим 758). Сондай-ақ, Жәбірдің  хадисінде де, оны біз кейін келтіреміз.

Ал, егер түннің соңғы бөлігінде тұра алмаймын деп қорықса, түннің бірінші немесе кел келген бөлігінде, өзіне ыңғайлы уақытында намазға тұра алады. Бұл – үшінші дәреже болып табылады.

Үшінші дәреже: түннің бірінші бөлігінде немесе түннің өзіне ыңғайлы болатын уақытында тұрып намаз оқу.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Жәбірдің  хадисінде, Алла елшісі : «Түннің соңғы бөлігінде тұра алмаймын деп қорыққан адам түннің бірінші бөлігінде үтір намазын оқысын. Ал, кім түннің соңғы бөлігінде тұрып үтір намазын оқимын десе, солай істесін. Расында, түннің соңғы бөлігінде оқылған намаздың куәлары болады, ал бұл – абзал», - деді (Муслим, 755).

Және пайғамбардың  Әбу Заррға (ән-Нәсәи «әс-Сунан әл-Кубра», 2712; әл-Әлбани «әс-Сахиха» кітабында «сенімді» деді, 2166), Әбу әд-Дардаға (Ахмад, 27481; Әбу Дәуіт, 1433; әл-Әлбани «Сахих Әби Дәуіт» кітабында «сенімді» деді, 5/177), және Әбу Һурайраға (Муслим, 737) айтқан өсиеттерінде де бұл туралы айтылды. Әрбіреуі: «Менің ең сүйікті досым /пайғамбар/ маған үш нәрсені өсиет етті...» солардың ішінде «ұйықтар алдында үтір намазын оқуды» өсиет еткенін айтты.

brightness_1 Сүннет амалдарынан – түнгі намазда оқылатын «истифтах» дұғаларын оқу. Олар:

اللَّهُمَّ رَبَّ جَبْرَائِيلَ وَمِيكَائِيلَ وَإِسْرَافِيلَ ، فَاطِرَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ، عَالِمَ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ ، أَنْتَ تَحْكُمُ بَيْنَ عِبَادِكَ فِيمَا كَانُوا فِيهِ يَخْتَلِفُونَ، اهْدِنِي لِمَا اخْتُلِفَ فِيهِ مِنَ الْحَقِّ بِإِذْنِكَ إِنَّكَ تَهْدِي مَنْ تَشَاءُ إِلَى صِرَاطٍ مُسْتَقِيم

А) Имам Муслимнің «Сахих» хадистер жинағында Аиша анамыздан  келген хадисінде, ол былай деді: «Ол /пайғамбар/  түнгі намазына тұрғанда, намазын мына дұғамен ашатын: «Жәбірейіл, Микәил, Исрафилдің, Раббысы және көктер мен жердің Жаратушысы, әшкере мен жасырын /істердің хабарын/ Білуші, уа, Алла! Сен құлдарың өзара келіспей, дауласып қалған /істерге/ үкім шығарасың. Мені Өз қалауыңмен даулы мәселелерден ақиқат /жолыңа/ бастай гөр. Күмәнсіз Сен қалаған кісіні тура жолға салушысың» (Аллаһуммә Раббә Джибраилә, уә Микәилә, уә Исрафилә Фәтыйрас-сәмәуәти уәл-ард, ъалимәл-ғайби уәш-шәһәдәһ, Әнтә тәхкуму бәйнә ъибәдикә фи мә кәну фиһи яхтәлифун. Иһдини лимәх-тулифә фиһи минәл-хаққи би-изникә иннәкә тәһди мән тәшә-у илә сыиратыйн-мустәқим) (Муслим, 770).

اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ أَنْتَ نُورُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ ، وَلَكَ الْحَمْدُ أَنْتَ قَيِّمُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ ، وَلَكَ الْحَمْدُ أَنْتَ رَبُّ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، أَنْتَ الْحَقُّ ،وَوَعْدُكَ الْحَقُّ ، وَقَوْلُكَ الْحَقُّ ، وَلِقَاؤُكَ الْحَقُّ ، وَالْجَنَّةُ حَقٌّ ، وَالنَّارُ حَقٌّ ، وَالنَّبِيُّونَ حَقٌّ ، وَالسَّاعَةُ حَقٌّ، اللَّهُمَّ لَكَ أَسْلَمْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ، وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، وَإِلَيْكَ أَنَبْتُ، وَبِكَ خَاصَمْتُ، وَإِلَيْكَ حَاكَمْتُ، فَاغْفِرْ لِي مَا قَدَّمْتُ، وَمَا أَخَّرْتُ وَمَا أَسْرَرْتُ وَمَا أَعْلَنْتُ أَنْتَ إِلَهِي لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ

Ә) Имам әл-Бұхари және имам Муслимнің «Сахих» кітаптарында келген Ибн Аббас /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде, ол былай деді: «Пайғамбар  түнгі тәһәжжуд намазына тұрғанда былай дейтін: «Уа, Алла! Саған мақтау-мадақтар болсын. Сен көктер мен жердің нұрысың, Саған мақтау-мадақтар болсын! Сен көктер мен жерді басқарып тұрушысың, Саған мақтау-мадақтар болсын. Сен көктер мен жердің әрі ондағы мекен ететін жанды заттардың Раббысысың, Сен Хақсың, Сенің уәдең де хақ, Сенің сөзің де хақ, Сенімен кездесу де хақ, жәннәт та хақ, тозақ та хақ, пайғамбарлар да хақ, қиямет күні де хақ. Уа, Алла! Саған бой ұсындым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Саған тәубе қылдым, Сенің жолыңда керістім және Сенің үкіміңе жүгіндім. Менің бұрынғы және кейінгі істеген /кемшілік/ күнәларымды және жасырын әрі әшкере күнәларымды кешіре гөр, Сен менің Құдайымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ» (Аллаһуммә ләкәл-хамду Әнтә нурус-сәмәуәти уәл-ардый, уә ләкәл-хамду Әнтә қайимус-сәмәуәти уәл-ардый, уә ләкәл-хамду Әнтә раббус-сәмәуәти уәл-ардый уә мән фиһиннә. Әнтәл-Хаққу, уә уәъдукәл-хаққу, уә қаулукәл-хаққу, уә лиқа-укәл-хаққу, уәл джәннәту хаққун, уән-нәру хаққун, уән-нәбиюнә хаққун, уәс-сәъату хаққун. Аллаһуммә ләкә әсләмту, уә бикә әәмәнту,  уә ъаләйкә тәуәккәлту, уә иләйкә әнәбту, уә бикә хасамту, уә иләйкә хакәмту, фағфирли мә қаддәмту, уә мә әххарту, уә мә әсрарту, уә мә аъләнт, Әнтә иләһи лә иләһә иллә Әнт).

brightness_1 Құран оқығанда сүннеттерді орындау. Олардан:

а) Құранды асықпай, әрбір әріпін дұрыстап айтып оқу.

ә) Аяттарды бөлек-бөлек оқу. Яғни, екі немесе үш аятты бірге оқымау. Әр аяттың соңында тоқтау.

б) Егер тасбих жасау әмірі бар аятқа жетсе – тасбих жасау; дұға жасау әмірі бар аятқа жетсе – дұға жасау; және Алладан пана сұрау әмірі бар аятқа жетсе – Алладан пана сұрау.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Хузейфадан  келген хадисте, ол: «Түндердің бірінде мен пайғамбармен бірге намаз оқыдым. Сонда ол «Бақара» сүресінен бастап оқыды. Мен «жүзінші аяттан кейін рукуғ жасайды» деп ойладым. Бірақ, ол оқуын жалғастырды. Мен «Осы сүрені бір ракағатта аяқтайды» деп ойладым. Бірақ, ол оқуын жалғастырды. Мен «бұл сүренің аяғында рукуғ жасайды» деп ойладым. Бірақ, ол «ән-Ниса» сүресін бастап, аяғына дейін оқып шықты, ал одан кейін «Әли Имран» сүресін де бастап аяғына дейін оқып шықты. Оқығанда әрбір әріпін дұрыс шығарып оқыды, және тасбих жасау әмірі бар аятқа жеткенде – тасбих жасады; дұға жасау әмірі бар аятқа жеткенде – дұға жасады; Алладан пана сұрау әмірі бар аятқа жеткенде – Алладан пана сұрады. Одан кейін рукуғ жасап: «Аса ұлы Раббым – пәк» (Субхәнә роббияль-ъазыйм), - деді. Рукуғта тұрған уақыты қиям жасап тұрған уақытына жақын болды. Одан кейін: «Алла Өзіне мақтау-мадақ айтушыны естиді» (Самиъа-Ллаһу лиман хамидаһ), - деді де, рукуғтың уақытына жақын уақыт бойы тұрды. Одан кейін сәжде жасап: «Аса Жоғары Раббым – пәк» (Субхәнә роббияль-аъля), - деді. Сәждеде өткізген уақыты қиямда тұрған уақытына жақын болды», - деді (Муслим, 772).

Имам Ахмад өзінің «Муснад» хадистер жинағында риуаят еткен Умму Сәләмәнің  хадисінде, ол пайғамбардың  /Құран/ оқуы туралы сұралғанында, былай деп жауап бергені хабарланады: «Ол оқуында әрбір аятты бөлек оқыды. {Бисми-Лляһи-р-Рахманир-Рахим} аятын оқып, тоқтайтын. Одан кейін {Әлхамду ли-Лляһи Роббиль-Ъаләмин} аятын оқып, тоқтап, {Әр-Рахманир-Рахим} аятын оқып, тоқтап, {Мәлики яумид-дин} аятын оқып тоқтайтын» (Ахмад, 26583; Әд-Даруқұтни: «Хадистің иснәді – сенімді. Және хадисті жеткізгендердің барлығы – сенімге ие», - деді (118); және хадистің сенімділігін ән-Нәуәуи «әл-Мажмуъ» кітабында растады (3/333).

brightness_1 Сүннет амалдарынан – үтір намазында кей-кезде қунут дұғасын оқу.

Қунут дұғасы - әл-Ихлас сүресі оқылатын ракағатта, яғни, үшінші ракағатында оқылады.

Кейбір сахабалардың хабарлары бойынша, Қунут дұғасын пайғамбар  үтір намазында кей-кезде оқып, кей-кезде тастап кететін. Бұл пікірді Ибн Тәймия /оған Алланың рахыметі  болсын/ таңдаған. Қунут дұғасын оқығаннан көбірек тастаған дұрыс.

Мәселе: үтір намазында қунут дұғасын оқу уақытында қол көтеру керек пе?

Дұрыс пікір бойынша және ғалымдардың көбісі /оларға Алланың рахыметі болсын/ айтқандай, қунут дұғасын оқығанда қолды жайып оқиды. Бұл туралы Ибн Омардан  келген, әл-Байхақи келтірген және сенімді деп айқан хадисте айтылады.

Әл-Байхақи /оған Алланың рахыметі болсын/ бұл жөнінде былай деген: «Кейбір сахабалар қунут дұғасын оқығанда қолдарын көтеретін» («Сунан әл-Кубра» 2/211 қара).

Мәселе: үтір намазында қунут дұғасын неден бастау керек?

Дұрысы, ал Алла Тағала жақсы біледі: Аллаға мадақ-мақтаулар айтудан бастап, одан кейін пайғамбарға  салауат айтып, дұғасын оқиды. Себебі, бұл – Алланың жауап беруіне жақынырақ.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Фудаля ибн Убейдтың  хадисінде, ол: «Пайғамбар  бірде, бір адамның пайғамбарға салауат айтпай дұға сұрап жатқанын көріп: «Мынау /кісі/ асықты», - деп айтты. Оны қасына шақырып,  сол кісіге және басқаларына да былай деді: «Кімде-кім Алладан бірдеңе сұрап дұға жасағысы келсе, Аллаға мадақ-мақтаулардан бастап, одан кейін пайғамбарға салауат айтып, қалаған нәрсесін сұрап дұғасын айтсын», - деді» (әт-Тирмизи хадисті жақсы әрі сенімді деді, 3477).

Ибн әл-Қайим /оған Алланың рахыметі болсын/: «Дұға сұраған кезде, дұға сұраушы Аллаға мадақ-мақтаудан бастауы – мустахаб. Одан кейін Фудаля ибн Убейдтің хадисінде айтылғандай, қажеттілігін айтып дұғасын сұрайды» («Әл-уәбил әс-сайиб», 110б).

Мәселе: Қунут дұғасынан кейін қолдарымен бетті сипау керек пе?

Дұрысы: сенімді дәлел жоқ болғандықтан, дұға аяқталғаннан кейін бет сипау – сүннет амалдарына жатпайды.

Бірде имам Мәлік /оған Алланың рахыметі болсын/ дұғадан кейін алақандарымен бет сипайтын бір кісі туралы сұралғанда, ондай амалды қабылдамай: «Бұл туралы белгісіз»,-деді (әл-Маруәзидің «Китаб әл-уитр» кітабын қара, 236 бет).

Шейхуль-ислам Ибн Тәймия /оған Алланың рахыметі болсын/ бұл жөнінде: «Алақандармен бет сипау болса – ол туралы бір немесе екі ғана хадис бар. Бірақ, олар дәлел ретінде қабылданбайды» («әл-Фатауа», 22/519).

brightness_1 Сүннет амалдарынан – түнгі намазды оқу үшін үй ішіндегілерді ояту.

Ер кісіге түнгі намаз оқулары үшін үй ішіндегілерін ояту – сүннет болып табылады. Сондай-ақ, әйел кісі үшін де, егер барлығынан бұрын оянған болса, күйеуі мен үй ішіндегілерін оятуы - сүннет. Бұл - жақсылыққа бірігу амалдарына жатады.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Аиша анамыздың хадисінде  ол: «Пайғамбар  түні бойы намазын оқып жатқанында, мен құбыла мен оның ортасында жататын едім. Ал қашан үтір намазын оқығысы келгенде, мені оятатын. Мен де үтір намазын оқитынмын» (әл-Бұхари, 512; Муслим, 512).

Сондай-ақ, Умму Сәләмә : «Пайғамбар оянып, былай деді: «Алла пәк! Алла қандай қазыналарды түсірді? Әрі қандай азғыруларды түсірді? Намаз оқулары үшін бөлмелердің иелерін /әйелдерін айтып жатыр/ кім оятады? Дүниеде киімі болғанымен Ақыретте киімсіз қалатын әйелдер қаншама» (әл-Бұхари, 6218).

brightness_1 Сүннет амалдарынан – түнгі намазға тұрушы өзіне қолайлыны таңдауы.

Сүннет амалдарынан – түнгі намазға тұрушы өзіне қолайлыны таңдауы. Намазында оның көңілін ешнәрсе бөлмейтіндей.

- Егер әлсіз болса, отырып намаз оқуға рұқсат.

Әнәс  хадисінде, ол: «Бірде Алла елшісі  мешітке кіргенде, екі бағананың арасында байлаулы тұрған арқан көреді. «Бұл не?» - деп сұрайды. /Адамдар:/ «Бұл арқан Зейнептікі. Егер намазда тұрып шаршап қалса, оны ұстап оқи береді», - деді. Сонда /пайғамбар/: «Оны шешіп тастаңдар! Әрқайсың белсенді болған кезде намаз оқысын, ал, егер шаршап қалса – отырсын!» - деді» (әл-Бұхари, 1150; Муслим, 784).

- Ал, егер қалғып кетсе, ұйықтап алып, сергек қалпында намаз оқыған дұрыс.

Аиша  анамыздың хадисінде, пайғамбардың  былай дегені хабарланады: «Біреулерің намазда қалғи бастаса, ұйқысы кеткенше дейін ұйықтасын. Расында, сендердің біреулерің қалғып тұрған қалпында намаз оқыса, Алладан жарылқау сұраудың орнына өзіне лағынет сұрап алуы мүмкін!» (әл-Бұхари, 212; Муслим, 786).

- Сол сияқты, түнгі уақытта Құран оқып отырған кезде қалғып кетсе, сергіп қалу үшін ұйықтап алу – сүннет.

Әбу Һурайра хадисінде  Алла елшісінің былай деп айтқаны хабарланады: «Сендердің біреулерің түнгі намазға тұрып, Құран оқыған кезінде оқыған нәрсесін түсінбей, не оқығанын білмей жатса, ұйқыға бет бұрсын!» (Муслим, 787).

brightness_1 Түннің соңғы үшінші бөлігінде дұға сұрау.

Бекітілген сүннеттердің бірі – түннің соңғы бөлігінде дұға сұрау. Егер адам түннің соңғы бөлігінде қунут дұғасында Алладан қажеттілігін сұраса – ол жеткілікті болады. Ал егер сұрамаған болса, расында, осы уақытта дұға сұрау – сүннет болып табылады. Бұл уақытта жасалған дұғаның қабыл болуы туралы сүннетте келген. Себебі, бұл уақытта  Өзінің мәртебесіне лайықты түрде Алла Тағала дүние аспанына түседі. Әл-Бұхари мен Муслимнің «Сахих» хадистер жинағында келтірілген Әбу Һурайраның  хадисінде: «Алла елшісі  былай деді: «Әр бір түннің соңғы үшінші бөлігінде аса Ұлы және Жоғары Раббымыз дүние аспанына түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін», - дейді» (әл-Бұхари, 1145; Муслим, 758).

brightness_1 Үтір намазын оқып болғаннан соң, «Аса Қасиетті Патша пәк» деп үш рет айту.

سُبْحَانَ الْمَلِكِ الْقُدُّوسِ

Үтір намазын оқып болғаннан соң, «Аса Қасиетті Патша пәк» (Субханәль-Маликиль-Қуддус) деп үш рет айту. Және үшінші рет айтқанда дауысты кішкене көтеріп айту.

Бұл туралы мына хадисте айтылған:

Убей ибн Кааб : «Алла елшісі  үтір намазында {Аса Жоғары Раббыңның есімін пәк деп дәріпте} (әл-Аъля сүресі), {Айт: «Ей, кәпірлер!»} (әл-Кәфирун сүресі), {Айт: «Ол, Алла – Жалғыз»} (әл-Ихлас сүресі) сүрелерін оқитын. Ал, сәлем бергеннен кейін «Аса Қасиетті Патша пәк» (Субханәль-Маликиль-Қуддус) деп үш рет айтатын», - деді (ән-Нәсәи, 1702; және жоғарыда айтылып кеткендей ән-Науауи мен әл-Әлбани бұл хадисті сенімді деген). Және Абдуррахман ибн Абза  хадисінде, ол: «...және «Аса Қасиетті Патша пәк» (Субханәль-Маликиль-Қуддус) деп үшінші рет айтқанында дауысын шығарып айтатын», - деді (Ахмад, 15354; ән-Нәсәи, 1734; және әл-Әлбани хадисті сенімді деді «Тахқиқ мишкатуль-Масабих» 1/398).