languageIcon
search
search
brightness_1 Сиуак.

Сиуакты таһарат алудың алдында немесе ауыз шаюдың алдында қолданады. Бұл сүннет бойынша, сиуакты қолданудың екінші жері. Біріншісін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Сөйтіп, таһарат алғысы келген адам үшін, оның алдында тісін сиуакпен тазалау – сүннет. Бұл жайында Әбу Һурайраның  хадисінде айтылған: «Алла елшісі : «Үмметіме ауыр келеді деп қорықпағанымда оларға әр таһарат аларда сиуак қолдануды бұйырар едім», - деп айтты» (Ахмад, 9928; хадисті «сенімді» деп өз жинағында Ибн Хузейма риуаят етті (1/73/140); әл-Хаким 1/245; және имам әл-Бұхари бұл хадисті жинағының «Ораза ұстаушының балғын және кепкен сиуакты қолдануы» бабында «муаллақ» ретінде келтірді).

Және Аиша анамыздың  хадисінде ол: «Біз /Алла елшісінің/ таһарат алатын суы мен сиуак таяқшасын кешке қарай дайындап қоюшы едік. Алла Тағала оны түннің қалаған уақытында оятқанда, /Алла елшісі/ тұрып сиуакпен тісін тазалап, таһарат алып намазға тұратын», - деді. (Муслим, 746).  

brightness_1 Дене мүшелерді үш рет жуу.

Бірінші рет жуу – уәжіб. Ал екінші мен үшінші рет жуу – сүннет. Және үш реттен көп жуылмайды.

Бұл туралы мына хадистерде айтылған:

Имам әл-Бұхари /оған Алланың рахыметі болсын/ риуаят еткен Ибн Аббастың /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде пайғамбардың  таһарат алғанда әр дене мүшесін бір-бір реттен жуғаны хабарланады (әл-Бұхари, 157). Сондай-ақ, имам әл-Бұхариде Абдулла ибн Зейдтің  хадисінде пайғамбардың  таһарат алғанда әр дене мүшесін екі-екі реттен жуғаны да хабарланады (әл-Бұхари, 158). Және екі имам әл-Бұхари мен Муслимнің «Сахих» кітаптарында Осман  риуаят еткен хадисінде пайғамбардың   таһарат алғанда әр дене мүшесін үш-үш реттен жуғаны келтіріледі (әл-Бұхари, 159). Сондықтанда таһарат алған кезде бірде бір-бірден, бірде екі-екіден, бірде үш-үштен жуып отырғаны абзал. Ал кей кезде екі «Сахих» кітабында келтірілген Абдулла ибн Зейд  хадисінің екінші риуаятында («Зәд әл-Миъад», 1/192 қара) айтылғандай бір санды ұстанбай жууға да болады, мысалы, бетті үш рет, қолды екі рет, аяқты бір рет жууға болады. Алайда, көбінесе үш-үш реттен жуып отырған дұрыс, бұл – пайғамбардың  нұсқауы.

brightness_1 Таһарат алғаннан кейін зікір-дұға айту.

Омардан  риуаят етіледі: «Алла елшісі : «Кімде-кім таһаратын толығымен алып, артынан: «Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін» (Әшһәду әнлә иләһә илләллаһу уә әннә Мұхаммәдән ъабду-Ллаһи уә расулүһ)/أَشْهَدُ أَنَّ لاَ إِلهَ أَلاَّ اللّهُ ، وَأَنَّ مُحمَّداً عَبْدُ اللّهِ وَرَسُولُهُ/ десе, оған жәннаттың сегіз есігі ашылып, қалаған есігінен кіреді», - деді» (Муслим, 234).

Немесе Әбу Саъидтің  хадисінде келген дұғаны айтуға болады: «Кімде-кім таһарат алып болғаннан кейін: «Ей, Аллам Сен пәксің және Саған мақтаулар болсын! Сенен басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін. Сенен кешірім сұраймын, әрі Саған тәубе қыламын (Субхәнәкә-Ллаһумма уә бихамдик, әшһәду ән лә иләһа иллә әнтә, әстәғфирукә уә әтубу иләйк)/سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَبِحَمْدِكَ، أَشْهَدُ أَنْ لا إِلَهَ إلاَّ أَنْتَ، أَسْتَغْفِرُكَ وأَتُوبُ إلَيْكَ/», - десе, осы айтқан сөздері ақ қағазға жазылып, одан кейін мөрленіп Аршының астына қарай көтеріледі. Ол мөр Қиямет күніне дейін жойылмайды» (ән-Нәсәи «Амаль әл-яум уә әл-ләйлә» 147 бет, әл-Хаким 1/752; Ибн Хажар /оған Алланың рахыметі болсын/ хадистің иснәдын «сенімді» деді және хадистің дәрежесі «марфуъ» (тікелей пайғамбардан риуаят етілген хадис) дәрежесіне жетпесе де ол хадис «мәуқуф» (сахабадан риуаят етілген хадис), және бұл хадиске «мәуқуф» болғаны зиян емес, себебі бұл хадиске «марфуъ» дәрежесі беріледі. Өйткені бұл хадисте айтылған нәрселер туралы сахабалар өз ойларынан айта алмайды (яғни, мұндай нәрселерді тек пайғамбар ғана айта алады) деп баяндады («Нәтәиж әл-әфкар» 1/246 қара).