brightness_1
Сүннет амалдарынан – түнгі намазды оның ең абзал уақытында оқу.
Егер «түнгі намаздың ең абзал уақыты қашан» деп сұралса?
Жауабы осындай болады: үтір /түнгі/ намазының уақыты құптан намазынан кейін таңның шыға бастаған уақытына дейін екені белгілі. Үтір намазы құптан намазы мен таң намазының арасында оқылады.
Бұл туралы мына хадисте айтылған:
Аиша анамыздың хадисінде: «Алланың елшісі құптан мен таң намазының арасында он бір ракағат оқитын еді. Әр екі ракағаттан кейін сәлем беріп, бір ракағат үтір намазын оқитын» (әл-Бұхари, 2031; Муслим, 736).
Ал түнгі намазды оқуға ең абзал уақыт: түн ортасынан кейін түннің үштен екінші бөлігі.
Яғни, адам түнді бірнеше бөлікке (6 бөлікке) бөліп, түннің екінші жартысы басталғанда намаз оқу үшін көтерілуі керек. Яғни, түннің төртінші және бесінші бөлігінде намазға тұрып, алтыншы бөлігінде ұйықтайды.
Бұл туралы Абдулла ибн Амр /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған. Алла елшісі былай деді: «Алла үшін ең сүйікті ораза – Дәуіт оразасы. Ал ең сүйікті намаз – Дәуіт намазы /оған Алланың сәлемі болсын/. Ол түннің жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігінде намаз оқып, алтыншы бөлігінде ұйықтайтын. Және бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын» (әл-Бұхари, 3420; Муслим, 1159).
Егер мұсылман адам мына сүннетті орындағысы келетін болса, түнді қалай дұрыс бөледі?
Күн батқаннан таңның атуына дейінгі уақытты есептеп, оны алты бөлікке бөледі. Алғашқы үш бөлік – ұйықтайтын түннің бірінші жартысы, содан кейін түннің төртінші және бесінші бөліктерінде намаз оқу үшін оянады, ал соңғы бөлігінде – алтыншысында – ұйықтайды. Міне, осы себептен Аиша анамыз былай деген: «Таң сәрісі оны /пайғамбарды / менде ұйықтаған күйінде табатынмын» (әл-Бұхари, 1133; Муслим, 742).
Міне, мұсылман осы жолмен істеп көрсе, жоғарыда айтылып кеткен Абдулла ибн Амрдың хадисінде сипатталған түн намазының ең абзал уақытына ілігеді.
Жоғарыда айтылған сөздерді қысқартып айтсақ, түнгі намазды орындау уақытының абзалдығы үш дәрежеге бөлінеді:
Бірінші дәреже: айтып кеткеніміздей, түннің бірінші жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігін намазда тұрып, алтыншы бөлігінде ұйықтау.
Бұл туралы жоғарыдағы Абдулла инб Амр ибн әл-Ъас /ол екеуіне Алла разы болсын/ хадисінде айтылған.
Екінші дәреже: түннің соңғы үштен бір бөлігінде намазға тұру.
Бұл туралы мына хадисте айтылған:
Әбу Һурайраның хадисінде Алла елшісі былай деді: «Әр бір түннің соңғы үшінші бөлігінде аса Ұлы және Жоғары Раббымыз дүние аспанына түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін», - дейді» (әл-Бұхари, 1145; Муслим 758). Сондай-ақ, Жәбірдің хадисінде де, оны біз кейін келтіреміз.
Ал, егер түннің соңғы бөлігінде тұра алмаймын деп қорықса, түннің бірінші немесе кел келген бөлігінде, өзіне ыңғайлы уақытында намазға тұра алады. Бұл – үшінші дәреже болып табылады.
Үшінші дәреже: түннің бірінші бөлігінде немесе түннің өзіне ыңғайлы болатын уақытында тұрып намаз оқу.
Бұл туралы мына хадисте айтылған:
Жәбірдің хадисінде, Алла елшісі : «Түннің соңғы бөлігінде тұра алмаймын деп қорыққан адам түннің бірінші бөлігінде үтір намазын оқысын. Ал, кім түннің соңғы бөлігінде тұрып үтір намазын оқимын десе, солай істесін. Расында, түннің соңғы бөлігінде оқылған намаздың куәлары болады, ал бұл – абзал», - деді (Муслим, 755).
Және пайғамбардың Әбу Заррға (ән-Нәсәи «әс-Сунан әл-Кубра», 2712; әл-Әлбани «әс-Сахиха» кітабында «сенімді» деді, 2166), Әбу әд-Дардаға (Ахмад, 27481; Әбу Дәуіт, 1433; әл-Әлбани «Сахих Әби Дәуіт» кітабында «сенімді» деді, 5/177), және Әбу Һурайраға (Муслим, 737) айтқан өсиеттерінде де бұл туралы айтылды. Әрбіреуі: «Менің ең сүйікті досым /пайғамбар/ маған үш нәрсені өсиет етті...» солардың ішінде «ұйықтар алдында үтір намазын оқуды» өсиет еткенін айтты.