languageIcon
search
search
brightness_1 Олардың ең ұлысы – Алланың қасиетті кітабын оқу.

Ал, олардың ең ұлысы – Алланың қасиетті кітабын оқу. Алдыңғы ізгі мұсылмандар Алланың кітабын оқимыз деп түні бойы ұйықтамай, жылы төсектерін қалдырған екен: {Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар таң сәрілерде жарылқану тілеуші еді} (Әз-зәрият: 18). Түндерінде Құранды Алла елшісінен  жеткен зікір-дұғалармен бірге оқитын. Аллаға құлшылық өткізумен өткен түн қандай керемет! Ал, біз түндеріміз бен таң алдындағы уақыттарымызды құлшылықпен өткізбей қаншама жақсылықтардан айырылып жатырмыз? Соған қарамастан, Раббымыз бізге мейірімділік танытып, бізді Оған бағынбаушылықтан сақтайды деп сенеміз!

Хаммад ибн Зейд, Ъата ибн әс-Сәибтен Әбу Абдуррахманның былай дегенін жеткізеді: «Біз сахабалардан Құран үйренген болатынбыз. Ал, олар он аятты үйренген болса, олардың мағынасын толыққанды түсінбейінше келесі он аятты үйренбейтін еді. Сол секілді, біз де Құранды үйреніп, онымен амал етуді де үйрендік. Бірақ, бізден кейін Құранды мұра етіп алатындар – оны су секілді ішеді /жаттайды/. Алайда, ол /Құран/ олардың тамақтарынан төмен түспейді» («Сияр аъләм ән-нубәлә 4/269).

brightness_1 Көптеген аяттарда Алла Тағала бізді Оны еске алуға шақырады.

Көптеген аяттарда Алла Тағала бізді Оны еске алуға шақырады. Ондай аяттардан:

1/ Алла құлдарын оны мүмкіндігінше жиі еске алуға шақырады. Алла Тағала: {Ей, иман келтіргендер! Алланы жиі-жиі, көп еске алыңдар. Әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер}, - деді (әл-Ахзаб: 41-42).

2/ Алла Тағала Алланы жиі еске алатын ерлер мен әйелдерге Раббыларынан үлкен сауап пен жарылқауды уәде еткен. Ұлы Жаратушы: {Алланы көп еске алушы ерлер және /Алланы көп/ еске алушы әйелдерге Алла кешірім әрі ұлы сый дайындады}, - деді (әл-Ахзаб: 35).

3/ Және Алла Тағала бізді екіжүзділердің сипаттарынан ескертеді. Олар мұсылмандар секілді Алланы еске аламын дейді, бірақ олардың қалай еске алатындары туралы ойлан. Раббымыз: {Ақиқатында, мұнафиқтар /екіжүзділер/ Алланы алдамақшы болады, алайда Алла олардың өздерін алдандырып қояды. Олар намазға тұрғандарында, салғырт күйде адамдарға көріну үшін тұрады, әрі олар Алланы өте аз еске алады}, - дейді (ән-Ниса: 142).

4/ Сондай-ақ, Алла Тағала бізді Оны еске алудан алшақтататын нәрселерден ескертті. Ол нәрселер – балалар мен мал-мүлік. Ұлы Жаратқан Иеміз: {Ей, иман келтіргендер! Дүние-мүліктерің мен балаларың сендерді Алланы еске алудан алаңдатып, бұрып қоймасын. Кім бұлай жасаса, міне, солар – зиян шегушілер}, - деді (әл-Мұнафиқун: 9).

5/ Менімен бірге осы үлкен абырой мен жоғары мәртебе туралы ойланып көріңіз, өйткені Алла Тағала былай деді: {Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын}, және қудси хадисте: «Құлым мен туралы қалай ойласа, Мен де сондаймын. Ол Мені еске алса, Мен де онымен біргемін. Ол Мені іштей еске алса, Мен де оны іштей еске аламын. Егер ол Мені жамағаттың ішінде еске алса, Мен де оны олардан да жақсы жамағаттың ішінде еске аламын», - деді (Әбу Һурайраның  хадисінен әл-Бұхари, 7405; Муслим, 2675)

brightness_1 Күнделікті зікірлер /Алланы еске алу/ (1)

Алланы еске алудың пайғамбарымыздың  сүннетінде көптеген түрлері келеді. Олардың кейбіреулерін төменде келтірдік:

لاَ إِلهَ إِلاَّ اللّهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

​1/ Әбу Һурайрадан : «Алла елшісі  былай деді: «Кімде-кім «Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз әрі Оның серігі жоқ. (Бүкіл) билік Онікі, әрі (барлық) мақтау-мадақ Оған лайық. Әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» (Лә иләһа иллә-Ллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһу-л-мулку уә ләһу-л-хамду уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир), - деп күнінде жүз рет айтса, он құлды босатқанмен тең болады және оған жүз iзгiлiктi істер жазылып, ал жазылған жүз жаман істері өшіріледі. Бұл сөздер оған күні бойы кешке дейін шайтаннан қалқан болады, әрі оларды жүз реттен көбірек қайталаған адамды санамағанда, ешкім осыдан лайықтырақ іс істей алмайды. Ал кімде-кім «Алла (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән» (Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ)/سُبْحَانَ اللّهِ وَبِحَمْدِهِ/, - деп күнінде жүз рет айтса, оның қателері, тіпті теңіздің көбігіндей көп болса да, өшіріледі»» (әл-Бұхари, 3293; Муслим, 2691).

لاَ إِلهَ إِلاَّ اللّهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

2/ Әбу Айюбтан : «Пайғамбар  былай деді: «Кімде-кім «Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз әрі Оның серігі жоқ. (Бүкіл) билік Онікі, әрі (барлық) мақтау-мадақ Оған лайық. Әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» (Лә иләһа иллә-Ллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһу-л-мулку уә ләһу-л-хамду уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир), - деп он рет айтса, Исмаъилдің ұрпағынан болған төрт құлды босатқан адам секілді болады»» (әл-Бұхари, 6404; Муслим, 2693).

brightness_1 Күнделікті зікірлер /Алланы еске алу/ (2)

Алланы еске алудың пайғамбарымыздың  сүннетінде көптеген түрлері келеді. Олардың кейбіреулерін төменде келтірдік:

3/ Саъад ибн Әбу Уаққастан : «Алла елшісінің  жанында болғанымызда ол былай деп сұрады: «Сендердің біреулерің күн сайын мың жақсы амал істей ала ма?». Сонда отырғандардың біреуі: «Біз мың жақсы амалды қалай істей аламыз?» - деді. Пайғамбар: «Алла /кемшілік атаулыдан/ пәк» (Субхана-Ллаһ)/سُبْحَانَ اللّهِ/ деп жүз рет айтса, оған мың жақсы амал жазылады, немесе, жазылып қойған мың жаман амалы өшіріледі», - деді» (Муслим, 2698). 

4/ Әбу Һурайрадан : «Алла елшісі  былай деді: «Кімде-кім «Алла (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән» (Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ)/سُبْحَانَ اللّهِ وَبِحَمْدِهِ/, - деп күнінде жүз рет айтса, оның қателері, тіпті теңіздің көбігіндей көп болса да, өшіріледі» (әл-Бұхари, 6405; Муслим, 2692), және Муслимнің риуаятында: «Кімде-кім «Алла (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән» (Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ), - деп таңертең және кешке жүз рет қайталайтын болса, онда Ақырет Күні бұдан лайықтырақ нәрсені өзімен бірге тек осы сөздерді сонша рет, немесе одан да көбірек рет қайталаған адам ғана әкеле алады» - делінеді (Муслим, 2692).  

Зікірлердің түрлері мен артықшылықтары туралы сүннетте келген хадистер өте көп. Жоғарыда біз айтып кеткендеріміз: артықшылық-қасиеттері бар зікірлердің ең сенімді, әрі танымал хадистері. Бірақ, сүннетте олардан да басқа хадистер бар. Әбу Муса әл-Әшъариден : «Алла елшісі  менен былай деп сұрады: «Жәннаттың қазыналарының біреуі туралы саған айтайын ба?» . Мен: «Әрине», - дедім. Сонда: «Барлық күш-қуат тек Аллаға ғана тән» (Лә хаулә уә лә қууәтә иллә би-Лләһ)/لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللّهِ/, - деп айт», - деді (әл-Бұхари, 4202; Муслим, 2704).

Әбу Һурайрадан : «Алла елшісі  былай деді: ««Алла пәк, Аллаға мақтаулар болсын, Алладан басқа құдай жоқ және Алла ұлық» (Субхана-Ллаһи, уәл-хамду ли-Ллаһи, уә ләә иләһә илла-Ллаһу, уа-Ллаһу акбар)/سُبْحَانَ اللّهِ ، وَالْحَمْدُ للّهِ ، وَلاَ إِلَـهَ إِلاَّ اللّهُ ، وَاللّهُ أَكْبَرُ/ деген сөздер, мен үшін, күннің көзі шыққан барлық нәрселерден де артық» (Муслим, 2695).

brightness_1 Күнделікті зікірлер /Алланы еске алу/ (3)

Алладан кешірім сұрау /истиғфар/ да Алланы еске алудың бір түрі болып есептеледі. Әл-Ағарр әл-Музаниден : «Пайғамбар : «Расында, /кей-кезде/ жүрегім қоршалған сияқты болады. Және, расында, мен күніне Алладан жүз рет кешірім сұраймын», - деді (Муслим, 2702).

Міне, бұл пайғамбардың  іс-әрекеттерінен болады. Сонымен қатар, ол Алладан кешірім сұрауға өзінің сөзімен де шақырған, Муслимнің «Сахихінде» келген Әл-Ағаррдың  хадисінде: «Алла елшісі : «Ей, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер! Шын мәнінде, мен Аллаға күніне жүз рет тәубе етемін», - деді» (Муслим, 2702). 

Сондай-ақ, әл-Бұхариде келген Әбу Һурайраның  хадисінде: «Алла елшісінің  былай деп айтқанын естідім: «Алламен ант етемін! Мен күніне жетпістен артық рет Алладан кешірім сұрап, Оған тәубе етемін!»» (әл-Бұхари, 6307). Сондықтан да, Алланың құлы Алладан кешірім сұрауға /истиғфарға/ немқұрай қарамауы тиіс.

Алланы еске алу зікірлерін және барлық күнделікті сүннеттерді екі «Сахих» хадистер жинағында келген ұлы зікірмен аяқтағым келеді. Ол Әбу Һурайраның  хадисінде айтылған: «Алла елшісі : «Аса Мейірімдіге жағымды, тілге жеңіл, таразыда ауыр екі сөз бар: «Алла /кемшілік атаулыдан/ пәк, әрі мақтау-мадақ Оған тән. Ұлы Алла /кемшілік атаулыдан/ пәк» (Субхана-Ллаһи уә бихамдиһи, Субхана-Ллаһил-ъазыйм)/سُبْحَانَ اللّه وَبِحَمْدِهِ، سُبْحَانَ اللّهِ الْعَظِيمِ/», - деді» (әл-Бұхари, 6406; Муслим, 2694). 

Оның нығметімен игі нәрселер орын алып, аяқталатын Аллаға мақтаулар болсын!